Қарағандыда мемлекеттік
рәміздер күніне орай форум өтті. Патриоттық акцияға облыстың қалалары мен
аудандарынан 3 мың белсенді қатысты. Жиналғандар әнұран айтып, мемлекеттік
туымыз бен елтаңбамызға тағзым етті.
Форум «Жалаулар
симфониясы» композициясымен басталды. Онда мемлекеттік рәміздердің 25 жылдығын
бейнелеген 25 биші қолдарына жалау ұстап, би биледі. Облыс әкімдігі
ұйымдастырған шараға елбасының құрдастары мен этномәдени орталық өкілдері де
қатысты. Олар Қазақстандағы достық пен біртұтастықты мақтан ететіндерін айтып,
жылы лебіздерімен бөлісті. Акцияға «ЕХРО-2017» көрмесіне баратын 250 делегат
шақырылған. Олардың көбі - жастар. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар
болашақ ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелейді.
Ерлан Қошанов, Қарағанды
облысының әкімі:
Қазақ халқында
мынандай сөз бар: «Халықтың рухын көргің келсе, желбіреген туына қара. Елдігін
көргің келсе, Елтаңбасына зер сал. Арманын білгің келсе, ұранын тыңда» деген.
Міне, мемлекеттің басты нышандарын маңдайына тигізіп, жүрегіне басып қадірлеген
елдің еңсесі тік, рухы биік болады. Ендеше, Мемлекеттік рәміздерді қадірлеу -
біздің басты міндетіміз.
Гүлбақыт Төкенова, форумға қатысушы:
Мемлекеттік
рәміздерімізді құрметтеу, салт-дәстүрлерімізді қастерлеу - мына біздер, жастардың
парызы. Қазақ елінің болашағы, тірегі - жастар. Бүгінгі таңда біздің білім алып, жан-жақты
дамуымызға барлық жағдай жасалған. Ынтымағы
жарасқан, бірлігі бекем қазақ елінің азаматы екенімізді мақтан етеміз. Мемлекеттік рәміздеріміздің, көк туымыздың көк аспанда желбіреп, биіктерде шарықтауы жастардың қолында.