Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақтөбедегі қанды оқиғаға бір жыл толды

  • AstanaTV
  • 05 маусым 2017
  • 3377

Бүгін Ақтөбедегі қанды оқиғаға бір жыл толды. Еске салсақ, былтыр дәл осы күні бір топ қылмыскер қару-жарақ дүкеніне шабуыл жасап, әскери бөлімді басып алмақ болған еді. Салдарынан 7 адам қаза тапты. Оның үшеуі әскерилер. Аймақтағы бүгінгі ахуал қандай? Әріптесім Жақсыбек Кемал қаралы отбасыларға барып, өңірдегі қазіргі жағдайды бағамдауға тырысты.

Жақсыбек Кемал, тілші:

2016-ыншы жылдың бесінші маусымы ақтөбелік бірнеше отбасы үшін қаралы күнге айналған еді. Өңірде террористік қауіп-қатердің жоғарғы «қызыл» деңгейі жарияланды. Шабуылдан кейінгі алты күндік операция кезінде 20 шақты адам ұсталып, 18 адамның көзі жойылған болатын.

Сол қаралы күнде Есенбай Тәжібаев кенжесі Мирханнан айрылды. Күзет бөлімінде қызмет етіп жүрген ол дабыл белгісімен лаңкестер басып алған қару дүкеніне барған. 31 жастағы жігіт сол жерде қылмыскерлер атқан оқтан көз жұмды. Бауырлары Мирханның арманы көп еді дейді. Отбасын құрып, үй салмақшы болыпты. Ал, әкесі ұлы қайтыс болғаннан кейін берілген «Ерлігі үшін» медаліне қарап күрсінеді

Есенбай Тәжібаев, М.Тәжібаевтың әкесі:

Үкімет басшыларына рахмет, менің қайғымды келіп бөліскендеріне.

Қару дүкенінен шыққан содырлар сол күні Николай Онищенконың көлігін тартып алмақ болған. Зейнеткер қарсыласып баққан соң, қаныпезерлер оны зайыбының көзінше атып тастайды.

Галина Онищенко, Н.Онищенконың жесірі:

Көз алдымда жан тапсырды. Жастарымыз неліктен олай етті? Мүмкін, жұмыссыздық болар? Естерінен айрылатындай не көрінді оларға?

Бұл қанды оқиғадан кейін Ақтөбеде көп нәрсе өзгерді. Жат ағымда жүргендер назарға алынды. Астанадан  Бас прокурор бастаған 200 адамнан тұратын жұмыс тобы келіп, өңірде екі ай бойы түрлі бағытта жұмыстар жүргізді. Дін өкілдері жат ағымда жүргендердің тәубаға келе бастағанын айтады.

Төлеби Оспан, ҚМДБ Ақтөбе облысындағы өкіл имамы:

Қылмыс жасады ма, ол шариғатта да, елдің заңында да жазасын алу керек. Алып та жатыр. Бірақ сол азаматтардың шынайы өкініші сөздері басқаларға сабақ болса екен дейміз. Соны жеткізуге тырысып жатырмыз. Қатарымызға қосылып, райынан қайтып  толықтай имамдардың айтқан сөздеріне тоқтап жатқандар аудандарда да, қалада да байқалады.

Қанды оқиға болған кезде бірнеше күнге жабылған қару-жарақ дүкендері қазір қалыпты кестемен жұмыс істеуде. Облыстық ішкі істер департаментінің өкілдері облыс орталығындағы мұндай 4 сауда орнының бақылауда екенін жеткізді.

Еркін Елсеп, Ақтөбе қалалық ІІБ жедел басқару орталығының бастығы:

Бейнебақылау камералары  тәулік бойы қарап, болған жағдайда күдік тудыратын адам болып, мазалаған жағдайда, хабарлама түспей тұрып та, жақындатылған жол полиция қызметкерлерін сол жаққа жолдаймыз. Жіберіп, алдын алу жұмыстарын жүргіземіз. Келу уақыты 3-5 минут.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Қылмыстың өтеуі  - жаза! Өткен жылдың 28-інші қарашасында қарулы шабуылға қатысты 29 адамға үкім шықты. Қару дүкендеріне шабуылдап, әскери бөлімді басып алуға тікелей қатысы бар 7 адам өмір бойы бас бостандықтарынан айрылды. Басқалары әр түрлі айыппен 2 жылдан 22 жылға дейін жаза арқалады.

Жақсыбек КЕМАЛ