ЕХРО халықаралық көрмесі қарсаңында Астанада ерекше автобустар пайда болды. Олар жедел кезекшілік бөліміне сай жабдықталған, ал арнайы тапсырысты қазақстандық "Астана Моторс" көлік құрастырушы кәсіпорыны орындаған. Бірегей көліктің ерекшеліктері жайлы тілші материалында.
Бұл Hyundai County автобустары негізінде Астана қаласының ішкі істер департаментіне жасалған арнайы көліктер. Оны "Астана Моторс" компаниясының құрамындағы Hyundai көлік құрастыру кәсіпорны жасаған. Бұл алғашқы тапсырыс емес. Зауыт осыған дейін "Апаттар медицинасы орталығы" мемлекеттік мекемесіне отандық реанимобильдер партиясын шығарған еді.
Денис Иванов, «Астана Моторс» басқарушы директоры:
Жылжымалы полиция бөлімі - Астана қалалық полициясының тапсырысымен техникалық талаптарға сай жасалған жоба. Бұнда қазақстандық үлес деңгейі 55 пайыздан жоғары екенін мақтан тұтамыз. Біз зауытта тапсырысқа сай сырлау, дәнекерлеу, көлік шанағының бөлшектері мен аталған құралды орнаттық. Арнайы автобустар заманауи құрылғылармен жабдықталған, әрі онда "Сотқа дейінгі тергеу реестрі" базасына қолжеткізуге болады. Көліктің іші-сырты бейнекамералармен жабдықталған. Автобуста "Көлік іздеу" жүйесі және заңбұзушыға арналған кабина да бар. Жедел топта жедел өкілдерден басқа тергеушілер мен криминалистер де жұмыс істейтін болады. Мамандардың айтуынша, мұндай автобустар жедел шара қолдану үшін кісі қарасы қалың болатын жерлерге қойылады.
Әлібек Қожахметов, Астана қалалық ІІД "Есіл" аудандық ІІБ бастығы:
Жедел тергеу тобының басты мақсаты мен міндеті - қылмыстық хабарламаға дереу әрекет ету. Бұл қала тұрғындары мен қонақтарына ыңғайлы болу үшін, осы жерде арыз-шағым қабылдап, алғашқы жедел-тергеу әрекеттерін бастау мақсатында жасалып отыр.
"Астана Моторс" өкілдерінің айтуынша, арнайы автобус - индустриалды даму бағдарламасының жұмыс нәтижесі. Компания 5 жыл ішінде көліктерді жақын маңдағы шетелдерге экспорттап келеді. Жоба авторлары жеке және мемлекеттік мекемелерді қажетті арнайы техникамен толық қамти алатындарына сенімді.
Назымгүл Күміспаева, Айбек Қосан