Павлодарда күйеуінен зорлық көрген әйел құзырлы органдардан көмек сұрайды. Айтуынша, оны жолдасы ұрып, соғады. Тіпті, өлтіремін деп қорқытатын болған. Бұндай қорлыққа шыдамаған әйел одан ажырасып кетуге бекінген. Алайда, күйеуі ажырасатын болсаң, жақындарыңды өлтіремін деп қоқан-лоққы көрсетіпті. Амалы таусылған әйел күйеуінің айтқанына көнуге мәжбүр болған.
Анастасия Тұрсынханова - 1 жылдан бері күйеуінен қорлық көріп келген. Жолдасы ішіп келіп, ұрып соғыпты. Онымен қоймай әйелінің тапқан табысын ұрлап кететінді де шығарыпты. Бұндай қорлыққа шыдамаған әйелі ажырасуге бел буған.
АНАСТАСИЯ ТҰРСЫНХАНОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Мен өз өмірім және жақындарымның өмірі үшін қатты қорқамын. Өйткені, осыдан жарты жыл бұрын ажырасу үшін сотқа арыз жаздым. Ол арызыңды алмасаң, анаңды, бауырларыңды, сіңілдеріңді және өзіңді өлтіремін деп қорқытты. Сол себепті мен арызымды қайтып алдым. Екінші рет жақында тағы арыз жаздым. Ол мені ұрып соқты. Тағы өлтіремін деп қорқытты.
Әйелін сабаған күйеуін полицияға жауапгершілікке тартқан. Қазір қылмыстық іс сотқа жолданды. Жолдасынан зәбір көрген әйел баласымен бірге уақытша оңалту орталығына орналастырылды.
АЙНАШ ІЛИЯСОВА , ӘЙЕЛДЕР МЕН БАЛАЛАРДЫ ОҢАЛТУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:
Әйелдер мен балаларға арнайы көмек көрсетеміз. Оларға әлеуметтік қолдау жасап, психологиялық және заңдық тұрғыдан қол үшін береміз. Әр әйелдің баланың жеке бөлмесі бар. Бізде 1 жылға дейін тұра алады. Ал балаларды мектепке, балабақшаға орналастырып, олардың оқуын жалғастыруына да көмектесеміз.
Өткен жылы Павлодар облысында отбасындағы зорлық зомбылық деректері өскен. Әйелдерге зәбір көрсету бойынша 60-тан астам қылмыстық іс қозғалды. Оның ішінде балаларға қатысты да деректер де артқан.
СӘУЛЕ ШӘКЕНОВА, ОБЛЫС БОЙЫНША БАЛАЛАР ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУ ЖӨНІНДЕГІ ЖЕДЕЛ УӘКІЛ:
Анастасияның жағдайымен арнайы барып таныстым. Орталыққа келіп, қауіпсіз ортада өмір сүріп жатыр. Баласының жағдайы жақсы. Ал анасының өз-өзіне келуі үшін әлі де психологпен жұмыс жасау керек. Біз оған қолымыздан келгенше, көмектесетін боламыз.
Ал күйеуінен қорлық көрген әйелдің мәселесін енді сот шешеді. Әзірше ол оңалту орталығын паналайтын болады.