Ақылы жолдың бағасы 4 есе өседі. Күре жолда көп жүретіндер шошып кетті. "Жолдың жайын жүргендер біледі" демекші сапасын айтып шырылдады. Расымен баға күрт қымбаттай ма? Шұрық-тесіктер қашан бітеледі? Үкімет отырысына қатысқан Бекболат Сатуов жеткізеді.
БЕКБОЛАТ САТУОВ, АРНАЙЫ ТІЛШІ:
Автобандардың барлығы ақылы. Қалтаны қақты деп қақылдап жүргендер шалқасынан түспесін. Құны тағы қымбаттайды. Еліміз бойынша 3 мың шақырымнан астам жол ақылы. Өткен жылы 48 млрд теңгеге табыс түскен. Қаражаттың тең жартысы жол жөндеуге және қайта реконструкциялауға жұмсалған. Бірақ сапасы сын көтермейді. Шұрық-тесігі көп.
БЛИЦ-САУАЛНАМА:
- Павлодарға трассаға шықсаң бәрі тесік-тесік, жолдың ортасы ойылып-ойлып кеткен. Соларын жөндесін. Қоса бергеннен пайда жоқ, халықты ойлау керек.
- Қалааралық мынау трассалар барғой, оларды идальный деп айталмаймын. Мындай ақша төлейтіндей.
- Петропавл жаққа барған кезде, ол жақта бір-ақ паласа. Еще ақылы, еще қауіптіғой.
Күре жолда көп жүретіндер шырылдап қана қойған жоқ. 40 мыңнан астам шағым түсірген. Үкімет басшысы қыруар қаржы бөлінгенімен сапаның жоқтығын жасырмады.
ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
Тұрғындар жолдардың сапасына наразы. Өңірлерде жол инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстарында құрылыс технологияларын сақтамау және мерзімдерді кешіктіру байқалып отыр. Әкімдер бұл мәселелерді бақылауға алуға тиіс.
Наразы болмай қайтсын. Тақтайдай тегіс жолмен жүрмейді. Бірақ теңгесін шақырымына санап тұрып төлейді. Төлем демекші, құнын бірден 4 есе өседі дегенде жұрт шалқасынан түсе жаздады.
МАРАТ ҚАРАБАЕВ, ҚР КӨЛІК МИНИСТРІ:
Ақылы жолдар төрт есе қымбаттайды деген ақпаратты толығымен жоққа шығарамын. Бұл - қате ақпарат.
Министр, бағаның өсуі жолға байланысты болады дейді. Бір учаскелерде 30 пайызға, кейбірінде 40 пайызға көтеріледі. Жалпы ақылы жол осылайша біртіндеп қымбаттайды. Бірақ тасжолға жақын тұратын және сол жолмен үнемі жүретін елдімекен тұрғындары үшін абоненттік төлем қарастырылған. Олар жылына 3000 теңге төлейді. Үкімет басшысы «Қарағанды – Жезқазған», «Ақтөбе – Ұлғайсын» және «Сарыағаш қаласы айналма жолын салу» жобаларының созылып кеткенін де сынға алды. Құрылыс жұмыстары ақпан айынан бастап іске асуы тіис деп тапсырма берді.