Отар гарнизонының сарбаздары Жеңістің 80 жылдығына дайындалуда

Отар гарнизонының сарбаздары Жеңістің 80 жылдығына дайындалуда

Отар гарнизоны. Бұрын Отан алдындағы борышын өтеуге бел буған кез-келген азамат дәл осы әскери бөлімге барғысы келмейтін. Ал кеткендердің ата-анасы жандарын шүберекке түйіп отыратын. Себебі, ең аты шулы бөлімше. Әлімжеттік, «дедовшинаның» көкесі осында. Жүйе өзгерді ме? Әріптесім Сүндет Оралбек Әскери гарнизонның қазіргі жай-күйін көзбен көріп, сарбаздармен тілдесіп қайтты.

Қоғамдағы алып-қашпа әңгіменің рас-өтірігін көру үшін бізбен бірге жауынгерлердің ата-аналары да барды. Балаларының дін аман екенін көріп, көздеріне еріксіз жас алды. Нұрасыл Әшірәлідің отан алдындағы борышын өтеп жатқанына үш айдан асқан. Осы уақыт ішінде сымдай тартылып, темірдей тәртіпке төселген.

НҰРАСЫЛ ӘШІРӘЛІ, САРБАЗ:

1 айдай қиын болды. Үйренісе алмай. Ата-ана, бауырларым, достарымды сағынып. Сержант, офицерлерде барлық нәрсеге үйретіп, БМП-ны қалай айдауға, автоматты қалай атуды бізге үйретіп жатыр.

Бұл сарбаздар тамақтанатын асхана. Мұндағы жағдайға біз де таңырқай қарадық. 3 мезгіл ыстық тамақ, алма, түрлі тәттілер. «Қонақтар келді», - деп осылай әзірлеп қойған шығар дедік. Бірақ...

ДИАС БОЛАТОВ, САРБАЗ:

Мейрам күндері мерекелік дастархан. Негізі норма осындай. Таңертең таңғы ас барлығы өз уақытымен. Ешқандай артық нәрсе жоқ. Барлығы жақсы.

 Жауынгерлердің жатын орны мен жаттығу залына да бас сұқтық. Таңдай қақтырған тұстар көп болды.

МЕРЕКЕ КӨШЕКБАЕВ, ҚР ҚК ҚҰРЛЫҚ ӘСКЕРЛЕРІНІҢ БАС ҚОЛБАСШЫСЫ:

Бүгінде әскерде қолайлы жағдайлар жасалған. Әлеуметтік мәселелер оң шешімін тапқан. Жалпы сарбаздардың әскери дайындығына жақсы баға беруге болады. Үш ай қызмет еткен сарбаздың автомат атуды меңгеруі жақсы нәтиже. Инспекторлар мен офицерлік құрамның әдістемелік дайындығы қажетті нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік береді.

СҮНДЕТ ОРАЛБЕК, ТІЛШІ:

Қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз етуде қарулы күштердің рөлі ерекше. Отан алдындағы міндетін атқаруға келген әрбір жауынгер қаруды шашып, жинау, дұрыс позицияны анықтау, дұрыс көздеу секілді дайындықтардан өтеді. Жинаған тәжірибесін осылай атыс алаңдарында шыңдайды.

Қазір Отарда екі жарым мыңнан астам жауынгер отан алдындағы борышын өтеуде. Құрлық әскерлерінің оқу орталығында 800-ге тарта сарбаз білім алса, танк бригадасында 400-ге жуық жауынгер міндетін атқаруда.

СӘБИТ ӨРКЕНБАЕВ, ҚР ҚМ ҚҰРЛЫҚ ӘСКЕРЛЕРІ КІШІ МАМАНДАРЫН ДАЯРЛАУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ КОМАНДИРІ:

Барлық бағыттан, әрбір гарнизонның алдына қойған өзінің тапсырмаларына байланысты әскери бөлімдер шоғырланған.

СҮНДЕТ ОРАЛБЕК, ТІЛШІ:

Бұл Арлан деп аталатын әскери техника. 10 адамға дейін сыйады. Толықтай брондалған. Яғни оқ өткізбейді. Жазық жерлерде де, қаланың ішінде де жаудың орналасқан жеріне жылдам жетуге және соққы беруге арналған көлік.

Қазір қарулы күштер осындай жаңа, елімізде шығарылған әскери техникалармен толығуда.

НҰРМАН ТІЛЕУКЕНОВ, БАРЛАУ РОТАСЫНЫҢ ТЕХНИГІ:

Жарылыс болған жағдайда, машинаның астында, волнасы екі жаққа бөлініп кетеді. Көлікке зақым болмайды. Өзім бұны оқығам. Астанада, Қазақстанда шығады. 2019 жылдан бері қолданып жатырмыз. Бұны оқып, сертификат алған адам ғана жүргізеді, жөндейді.

Биыл жеңістің 80 жылдығы ерекше тойланбақ. Осыған орай Елордада күштік құрылымдардың шеруі өтеді. Отардың сап түзеген сарбаздары мерекеге қызу дайындалуда.

АРЫНҒАЛИ АКИШЕВ, ҚР ҚК ҚҰРЛЫҚ ӘСКЕРЛЕРІ БАС ҚОЛБАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Қазір жеке құрамдарда саптық дайындық жаттығулары жүріп жатыр. Шеруге қатысатын техникалардың экипаждары мен есеп топтарының даярлық жұмыстары жүргізілуде.

Айта кетейік,шеруде 3 мыңнан астам жауынгер мен 200-ге тарта техника еліміздің бас алаңында жүріп өтеді.