Үкімет қосымша құн салығын 20 процентке дейін көтермейтін болды. Бірақ, бұл -салық өзгеріссіз қалады деген сөз емес. Жауаптылар базалық мөлшерлемені 16 пайызға арттыруды көздеп отыр. Сондай-ақ, салықтан толықтай босатылатын салалар бар. Мұндай жеңілдіктерді кімдер алады? Толығырақ Сүндет Оралбек тарқатады.
СҮНДЕТ ОРАЛБЕК, ТІЛШІ:
Қосымша құн салығы - бюджетті толтыратын негізгі көздердің бірі. Қазынадағы қаржының 25 пайызы салықтың осы түрінен түседі. Үкімет құн салығын 16 пайызға көтеруді ұсынды. Осы арқылы мұнайға тәуелділікті, ұлттық қорға қол жаюды азайтамыз дейді жауаптылар.
Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер қосымша құн салығынан босатылады. Шаруа қожалықтары да салық төлемейді. Бұл бастама кәсіпкерлердің бәсекеге қабілеттілігін арттырады. Сондай-ақ, денсаулық сақтау саласы үшін төмендетілген мөлшерлеме қойылмақ. Бұл- шамамен 10 процент. Әзірге бұл ставканы кімдер қолданатыны белгісіз. Нақты ақпараттар қосымша талқылаудан кейін белгілі болады.
СЕРІК ЖҰМАНҒАРИН, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ-ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІ :
Бұл әкімшілендірудің күрделілігіне байланысты. Ең алдымен бизнес үшін. Мөлшерлемелер көп болған кезде бухгалтерлік есеп күрделене түседі, декларация жасау қиынға соғады. Бұған жол бермеу үшін біз 16%, 10%, 0% және салықтан босатуды ұсынамыз.
СҮНДЕТ ОРАЛБЕК, ТІЛШІ:
Үкімет қосымша құн салығы бойынша есепке қою шегін 15 млн теңгеге дейін төмендетпек. Себебі, салықтан жалтару үшін кәсіпкерлер түрлі айлаға барады. Қазір кәсіпорындардың тек 4пайызы құн салығын төлейді. Бұл бюджетке салмақ салуда дейді жауаптылар.
Үкімет халықаралық тәжірибеге сүйеніп отыр. Вице-премьер экономикасы дамыған елдердің көпшілігінде қосымша құн салығының шекті мәні әлдеқайда төмен екенін айтты. Канадада, Кореяда, Скандинавия елдерінде, Шығыс Еуропаның бірқатар елінде және біздің жақын көршілеріміз Ресейде, Өзбекстанда, Қырғызстанда Қазақстанға қарағанда шекті мән төмен.
СЕРІК ЖҰМАНҒАРИН, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ-ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІ :
Есепке қою шегін 80 млн теңгеден 15 млн теңгеге дейін төмендету ұсынылады. Шығындарды бөлшектеу құны бөлшектеуден түсетін пайдадан асып түсетіндей жағдай жасалады.Бұл бизнес үшін тең жағдай жасайды, жалтару схемаларын болдырмайды.
Енді Үкімет өңірлерге барып, қосымша құн салығына қатысты мәселені халықпен талқылайды. 6 жұмыс тобы құрылды.
ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
Жалпы ұсыныстарды қолдаймыз. Осы аптада өңірлерге барып, халықтың барлық санатымен егжей-тегжейлі талқылау керек. Мен де Астанада және өңірлерге барып, талқылаулар өткіземін.
Үкімет басшысы жұмыстың нәтижесі бойынша заң жобасына түзетулерді 20 ақпанға дейін Мәжіліске енгізуді тапсырды.