Русский Сайттың толық нұсқасы

Оралдықтар жалған тексерушілердің қаптап кеткеніне наразы

  • AstanaTV
  • 08 маусым 2017
  • 3160

Оралдықтар газ қызметіне наразы. Айтуларынша, мекеме өкілдері үйлеріне күн құрғатпай келіп, газ жүйесін тексергені үшін қомақты ақша сұрайтын көрінеді. Ал «ҚазТрансГазАймақ» компаниясы басшылары тұрғындардың барынша сақ болуы керектігін айтады. Өйткені соңғы кезде осы мекеменің атын жамылған алаяқтар көбейген.

Еркін Карин, тілші:

Өздерін газ мекемесіненбіз деп таныстыратын тексерушілер тұрғындардың наразылығын туғызып отыр. Тексерушілер тұрғын үйдегі газ желісін, пеш пен түтін шығатын құбырды тексереді. Әрі бұл қызметі үшін 800 теңгеден 1 400 теңге сұрайды.

Орал қаласының тұрғыны Ләззат соңғы кезде түрлі тексерушілердің есігіне тыным бермейтінін айтады. Бірақ олардың қызметі үшін қолма-қол есептеспеймін дейді. Өйткені куәлікті қолдан жасап, жалған мөр соғуы да мүмкін деп күдіктенеді. Таныстарының аузы осылай күйгенін естіген ол енді барынша мұқият болуға тырысады.

Ләззат Жұмалиева, Орал қаласының тұрғыны:

Соңғы кезде үйге газды тексереміз деп адамдар көп келетін болды. Біздер оларға ақша берген жоқпыз. Себебі олардың алаяқ екендігін естіп, қазір газдың ақшасын облгазға төлейтін болдық. Адамдардың сақ болуын сұраймыз. Себебі осыны қарағаны үшін көп ақша сұрайды.

Үй ішіндегі газ желісін тексеруге келгендер өздерін «ПожГазАймак», «БатысГазАймак» және "ОралГазАймак" мекемесіненбіз деп таныстырады, дейді тұрғындар. Құбырды тексергесін, бұл ісіне қолма-қол ақша алады. Қомақты ақша санап берген азаматтар оңбай алданғанын кейін біліп, сан соғып қалған. Ал өңірге газ жеткізуші «ҚазТрансГазАймак» АҚ өкілдері мұндай алаяқтардан сақ болуы керектігін айтады.

Асылбек Қайбалиев, «Қазтрансгазаймақ» АҚ БҚӨФ басшысының бірінші орынбасары:

Біздің компанияның атып жамылып, газ қызметіненбіз деп жүрген алаяқтар бар. Олар тұрғын үйлердегі жел мен түтін шығатын құбырларды тексереді. Мұндай күмәнді фирмалардың заңсыз әрекеті туралы прокуратураға арыз жаздық. Бірақ әзірге еш жауап жоқ.

Әзірге қанша адамның дәл осылай алданғаны белгісіз. Өйткені олардың есебін алып жатқан ешкім жоқ. Демек газ тексерушілер күдік тудырса, олардың куәлігін мұқият тексерген жөн. Әрі қолма-қол есептеспей, ақшаны кассаға төлеген дұрыс. Мамандар алданбау үшін тұрғындарға осындай кеңес береді.

Еркін КАРИН