Русский Сайттың толық нұсқасы

Жаңа салық кодексінің тілі жеңілдеп, баптар арасында сілтемелер азаяды

  • AstanaTV
  • 08 маусым 2017
  • 1923

Жаңа салық кодексінің тілі жатық әрі түсінікті болады. Оған қоса баптар арасында сілтемелер азаяды. Мәжілісте өткен «Салықтық және кедендік әкімшілендіру перпективалары» талқыланған жиында ұлттық экономика вице-минстрі Руслан Дәленов осылай деді. Оның айтуынша, жаңа салық кодексі қолданыстағы құжаттан едәуір ерекшеленеді әрі мазмұны жеңіл болады.

Руслан Дәленов, ҚР Ұлттық экономика министрінің бірінші орынбасары:

Бірқатар жеңілдіктер жүйеленеді. Жер қойнауын пайдалану ынталандырылады. Бұдан басқа шағын және орта бизнес агроөнеркәсіп субъектілері үшін бірқатар шарттар жеңілдетіледі және қосымша режим ұсынылады. 

Жиынға тыңғылықты дайындалып келген вице-министрдің баяндамасы бәрін бірдей сендіре қоймаған сыңайлы. Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов салық режимінің өзгерісін байқай алмадым,-дейді. Өзгерістер қабылданғанша, әлі де біршама уақыт қажет көрінеді. 

Аманжан Жамалов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты "Нұр Отан" фракциясының мүшесі:

Бұл салық кодексі өз-өзін жұмыспен қамтыған халықтың проблемасына терең үңілмеген. 2020 жылы жалпыға ортақ декларациялауды енгізу туралы айтып жатырмыз. Салық төлеуден жалтарып, ісін жүргізіп жатқандарды қалайша ашық бизнес жүргізуге әкелеміз? Бұл сұрақ ашық түрде қалып отыр. Үкіметтің, Қаржы және Ұлттық экономика министрлігінің парламенттің келесі сессиясы басталғанша, яғни күзге дейін аталған кемшіліктерді түзетуге уақыты бар. 

Айбек ҚОСАН