Русский Сайттың толық нұсқасы

А.Жұмағалиев: Қазақстан АЭС салуға дайындалып жатыр

  • AstanaTV
  • 12 маусым 2017
  • 3641

Қазақстан АЭС салу үшін техникалық тапсырма әзірлеп жатыр. ЭКСПО-2017 көрмесі аясында ядролық энергетика болашағы талқыланған жиында «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясының бастығы Асқар Жұмағалиев осылай деді.

Асқар Жұмағалиев, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқарма төрағасы:

Қазір Қазақстанда техникалық тапсырмасын дайындау бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз. Ол кейін бізге техникалық-экономикалық негіздемесін жасауға мүмкіндік береді. Осы жұмыстар аяқталғанда, мемлекеттік органдар тиісті шешім қабылдайды. Біз өз тарапымыздан дайындық жұмыстарын жүргіземіз.

Ал бүгін "Росатом" басшысы Қазақстандағы АЭС салуға ниетті екендерін жеткізді. Компания жетекшісі: "Бірақ ол Үкіметтің қолында. Әзірге ешқандай шешім жоқ", - деген интерфакс агенттігіне берген сұхбатында. Жиында энергияны атом көздерінен алу өзекті екені айтылды. Өйткені алдағы уақытта электр жарығына сұраныс күрт артады деген жорамал бар.

Дүниежүзілік ядролық қауымдастық ақпаратына сүйенсек, әлемде 400-ден астам ядорлық реактор жұмыс істеп тұр. Олар әлемдік сұраныстың 11,5 пайызын жабады. Тағы 60 реактордың құрылысы жүріп жатқан көрінеді.

Ал Қазақстанда атом электр станциясын салу мәселесі қаралып жатқанына бірталай уақыт болды. Бірақ әзірге оның қашан және қайда салынатыны туралы айту ерте. Энергетика мәселелері сегізінше халықаралық энергетикалық форумда да сөз болды. Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев 2013 жылы Қазақстан «жасыл» экономикаға көшу туралы тұжырымдама қабылдағанын еске салды. Ал үстіміздегі жылдан бастап парник газдарының қалдықтарын азайтуға міндеттеме алдық.

Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-министрі:

2050 жылға қарай жасыл экономика аясында жасап жатқан реформаларымыз Қазақстанның жалпы ішкі өнімін қосымша 3 пайызға ұлғайтуға мүмкіндік береді деген жоспарымыз бар. 500-ден астам жаңа жұмыс орнын ашады. Сонымен қатар, өмір сапасын арттырып, қызмет саласы мен өнеркәсіпте жаңа секторларды қалыптастырады.