Русский Сайттың толық нұсқасы

Шығысқазақстандық кеденшілер Қытайға бағыт алған контрабанданың жолын кесті

  • AstanaTV
  • 12 маусым 2017
  • 2902

Шығысқазақстандық кеденшілер Қытай асырылмақ болған контрабанданың жолын кесті. Бұл заңсыз металл бұйымдардың құрамында алтын мен күміс мол мөлшерде болған. Салмағы 164 тоннаны құраған заңсыз жүктің нарықтағы бағасы шамамен 35 миллион теңге. Бірақ бұл шекара асырылуы тиіс жүктің алғашқы партиясы ғана.

Айласын асырғандар жалпы көлемі 120 мың тонна жүкті Қытайға аттандырмақ болған. Кедендік бақылау бекетінің өкілдері тауар декларациясы басқаша толтырылғанын айтады. «Күйдірілмеген пиритті концентрат» деп көрсетілген өнімді тексергенде, бұл тауардың құрамында бағалы металлдары мол мөлшердегі металлургиялық қайта өңделген өнім екені мәлім болыпты. Ал мұндай тауарды экспорттау үшін арнайы лицензия керек.

Қазір осы оқиға бойынша «Аса ірі экономикалық контрабанда» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бірақ қылмыстық істің жай-жапсары айтылар емес. Бір белгілісі, жеке кәсіпорын басшыларының осы контрабандаға қатысы болып шықты. Олардың бағалы металл қалдықтарын қайдан алғанын да тергеу амалдары анықтайды.

Досым Жұмағалиев, «Өскемен кедендік рәсімдеу орталығы» кеден бекетінің бас маманы:

Келісімшартқа сәйкес заңбұзушылар ҚХР-ға 120 мың тонна құрамында бағалы металлдар бар тауарлар шығаруға келіскен. Бұл келісімшарт жүзеге асқан жағдайда мемлекетке келетін шығын 25 миллиард теңгені құраушы еді. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.