Русский Сайттың толық нұсқасы

Таразда вокзал саудагерлері шу шығарды

  • AstanaTV
  • 12 маусым 2017
  • 4634

«Темір жолда тағам сатуымызға тиым салынды». Тараз вокзалының саудагерлері осылай деп шу шығарды. Бірнеше жылдан бері перронда тағам сатып, күн көрген саудагерлер наразылығын Данияр Әлімқұл тыңдап қайтты.

Айткүл Кеденбаева, сатушы:

ЭКСПО-ға қарсы осы дүңгіршектерді алып, бізді қуып жатыр. ЭКСПО болады деп, тазартып жатыр осылай.

Перроннан вагонға кіріп тағам сататын бір топ саудагер нәпақадан қағылдық деп  налиды. Олар 25 жылдан бері алаңсыз ас-ауқатын арқалап жүретін. Енді екі аптадан бері ештеңе сата  алмай, не жанайқайын жеткізер жан таппай жүр.

Роза Ерешова, саудагер:

25 жылда ешкім бізді қуған жоқ. Комиссия келгенде кетіп қалатынбыз тек. Міне, екі апта болды әкім, прокуратура, вокзал. Осылай жүрміз.

Зәурегүл Стамқұлова, саудагер:

Біз айтамыз. Бір формада болайық. Салығын төлейік. Болсын. Жүрейік деп. Оқы дейді. Зейнеттеміз бәріміз. Оқығанда да жұмыс істей алмаймыз басқа.

Жыларман келіншектер жолаушыларға ұсынатын тағамдарын табиғи, әрі "қолдан жасалған" деп тегіс үйлерінен әкеп сатады. Күні-түні пойыз жолды паналап, пайда табу енді арманға айналды. Саудагерлер ЭКСПО көрмесіне қатысты шектеу қою қисынға келмейді деп отыр. Өйткені оларға перрон маңында сауда жасауға тыйым салынған. Алайда, осы мәселенінің оң-солын айтып береді деген вокзал бастығы, тілшілерге түк түсіндірместен, кете барды. 

Вокзалдың бастығынан жауап болмаған соң қала әкімдігіне бардық. Мұндағылар вокзал бекетіндегі «қуғын» біздің бастамамыз деп, қуана қарсы алды. Айтуларынша,  Астанаға ағылған туристер "Таразда тағамнан уланды деген әңгіме ұят келтіреді" дейді.  Сондықтан жауаптылар, жабайы сауданы жою күн тәртібінде тұрады, деп түсіндірді.

Серікжан Әбдікерімов, Тараз қаласы әкімдігі  кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы:

Заңға сәйкес станционарлық жағдайда сатылу керек. Вокзал аумағындағы павильондар бар. Сол жерде тұруға ұсыныстар берген болатынбыз. Бұл кісілер бас тартуда. Себебі сауда төмен болады деп.

Данияр Әлімқұл, тілші:

Шенділер шу шыққан мәселені шұғыл шешу үшін саудагерлерге басқа орындарды бермек болыпты. Алайда, ол орындар арқылы таза өз қалталарына емес, басқа біреуге жұмыс істейтіні айтылған. Сондықтан бекет басындағы ұлардай шуласқан саудагерлер бұл ұсынысты ұнатпай отыр. Олар "ЭКСПО біткен соң, бәрі баяғыдай болады, алайда үш ай күтуге дәрмен жоқ" дейді.

Данияр ӘЛІМҚҰЛ