Талдықорғанда көлік жарылып, салдарынан үй опырылған

  • AstanaTV
  • 04 наурыз 2025
  • 260
Талдықорғанда көлік жарылып, салдарынан үй опырылған
Фото: видеодан скрин

Талдықорғанда газ қондырғысы орнатылған көлік жарылған. Жарылыс күшті болғаны сонша - үй опырылған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Желіде оқиға орнынан видеолар тарады.

"Туысымыздың көлігі жарылды. Қыста баспанасыз қалды. Өте қиын жағдай. Енді олар жөндеу жүргізіп, үйді қалпына келтіруі керек", - дейді видеодағы адам.

Жетісу облысы ТЖД мәліметінше, 4 наурызда Талдықорғанда (Еркін ауылында) гаражда тұрған көліктің газ жабдығы жарылған.

"Хабарлама сағат 07:06-да түсті, оқиға орнына ТЖД күштерінен 20 адам, 6 техника жіберілді. Оқиға салдарынан ғимарат жартылай опырылды (50 шаршы метр). Өрт шыққан жоқ", - деді ТЖД өкілі.

Оқиға салдарынан бір адам зардап шеккен. Ол ауыр жағдайда ауруханаға жатқызылды.

Қазір оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.