Русский Сайттың толық нұсқасы

Оңтүстік Қазақстанда ВИЧ індетті тоғыз баланы ата-анасы емдетуден бас тартқан

  • AstanaTV
  • 14 маусым 2017
  • 3560

Қазақстанда ВИЧ инфекциясын жұқтырған баласын емдетуден бас тартқандар ата-аналық құқығынан айрылуы мүмкін. Бұл мәселе бүгін Шымкентте өткен  ВИЧ жұқпасының алдын алу және оны емдеу жөніндегі халықаралық семинарда көтерілді. Көп жағдайда ата-ана діни сеніміне байланысты қарсылық танытып жататын көрінеді. Тілшіміз Айзада Төребекқызы тіпті бір баланың өмірі қыл үстінде тұрғынан білді.

Айзада Төребекқызы, тілші:

Елімізде ВИЧ инфекциясын жұқтырған баласы бар ата-ана мен оларды қамқоршылығына алғандардың көбі емді қабылдаудан бас тартып келеді. Республикалық СПИД орталығы өкілдерінің дерегінше, осындай 15 жағдай тіркеліп отыр. 

Медицина қызметкерлерінің бақылауынан өтіп, қажетті ем-домды қабылдағысы келмейтіндердің кейбірі діни көзқарастағылар. Олар перзентінің кеселіне сенгісі келмейді.  Шымкентте өткен ВИЧ жұқпасының алдын алу және оны емдеу жөніндегі халықаралық семинарға қатысқан дәрігер-мамандардың пікірі осындай. Сондықтан баласының денсаулығына бей-жай қарағандар енді ата-аналық құқығынан айрылуы бек мүмкін. 

Сайранкүл Қасымбекова, «ЖИТС-ке қарсы күрес республикалық орталығы» ММ клиникалық мониторинг бөлімінің меңгерушісі:

Баланы отбасынан айырғың келмейді, әрине. Сондықтан біз мұндай жағдайда бала өміріне аса үлкен қауіп төнген жағдайда ғана барамыз.Ол кезде сотқа жүгініп, ата-аналық құқығынан айыра аламыз. Яғни «халықтың  денсаулығы» туралы заңға сәйкес қайткен күнде де біз бала құқығын қорғаймыз. 

Мәселе Оңтүстік Қазақстан облысында өзекті. Өңірде ағзаның қорғаныш тапшылығы вирусын жұқтырған 9 жасөспірімнің ата-анасы оларды емдетуден бас тартып келеді. Оның екеуі бір үйдің баласы. Ата-ананың уәжі сан-алуан.

Бақытжан Шәкенов, ОҚО «Ана мен бала» оңалту орталығының бас дәрігері:

Қарсы болып жатқан ата-аналарымыз бұл өздерінің балаларына уақытысында бере алмайтындығына сонысын алға тұтуда. Себебі оның балдарының уақытысында бере алмай, үзіп аламыз ба деген қорқыныш бар ата-аналарында, солай түсіндіреді. Қазіргі таңда енді нәтижелі болады деген ойдамыз. Себебі ата-аналармен тығыз байланыстамыз, түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

Ал «Балаларды СПИД-тен қорғайық» қоғамдық қорының төрағайымы Жаннета Жазықбаеваның телефон арқылы берген мәліметіне сүйенсек, үш ата-ана діни көзқарасына сәйкес ем алуға қарсы. Тоғыз баланың біреуінің халі қыл үстінде көрінеді.

Жаннета Жазықбаева, «Балаларды СПИД-тен қорғайық» қоғамдық қорының төрайымы:

Соның ішінде бір баламыз бар, ол иммунитеттік клеткасы соңғы кезде сәуір айында бір-ақ клетка қалған. Ол қазір екі ай өтіп кетті. Ол бала кез келген сәтте кетіп қалуы мүмкін. Сондықтан ертең кім кінәлі болады осы баланың өміріне?! Ата-ана ма, жоқ дәрігер ме? Осыған байланысты біз шыж-быж болып жатырмыз. Бірақ, өкінішке орай, қолдау болмай жатыр.

Жаннета Жазықбаеваның айтуынша, былтыр қарсылық танытушылар  20 болыпты. Қордың тиянақты жұмысының нәтижесінде бұл сан кеміген. Бірақ мамандар бұл проблемамен қоғамдық ұйым мен медицина өкілдерінің ғана күресуі жеткіліксіз дейді.

Айзада Төребекқызы, тілші:

ВИЧ-ке қарсы жұмыстардың басы-қасында жүргендер құзырлы орындар мен жергілікті атқарушы орындар араласпай, бұл мәселені түбегейлі шешу мүмкін болмай тұрғанын айтады. Әзірге жазылған ұсыныс хатқа жауап болмай тұр, дейді қор төрайымы.

Айзада Төребекқызы