Русский Сайттың толық нұсқасы

«КазСтройСтекло» зауытының басшысы екі айға қамалды

  • AstanaTV
  • 15 маусым 2017
  • 2384

«КазСтройСтекло» зауытының директоры, белгілі кәсіпкер Мұратхан Тоқмади 10 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бұл туралы бүгін қалалық соттың баспасөз қызметінің жетекшісі Дияс Махамбетов айтты. Бүгін Алмалы аудандық сотының шешімімен бизнесмен екі айға қамауға алынды.

Іс материалдарына сүйенсек, Тоқмәди 2005 жылдан бері қылмыстық топ құрған. «Қазстройстекло», «Семрюжком» ЖШС еншілес құрылтайшысын қорқытып, аталған кәсіпорындардағы жарғылық капиталдың үлесін тартып алған. Осылайша, аса ірі көлемде 190 миллион теңгеге жуық шығын келтірген. Қазір оған ҚР Қылмыстық кодексінің 194 бабының 3 бөлімімен айып тағылып, іс қозғалды.

Айта кетейік, полиция 12 маусымда "КазСтройСтекло" зауытында тінту жүргізді. Арнайы операция барысында бизнесмен Мұратхан Тоқмәди ұсталды. Оны ұзақ уақыттан бері арнайы қызмет өкілдері мұқият бақылап келген.

Дияс Махамбетов, Алматы қалалық соты баспасөз қызметінің жетекшісі:

Сотқа дейінге тергеу материалдарына сүйенсек, Мұратхан Тоқмәди 2005 жылдан  бері аты-жөні анықталмаған адамдармен сөз байласып, "Семрюжком" фирмасы мен «КазСтройСтекло» құрылтайшысына күш көрсету арқылы бопса жасап, аталған кәсіпорындардағы жарғылық капиталының үлесін иеленген. Осылайша, ол келтірген аса ірі шығын көлемі 185 миллион теңгеден асып жығылады. Сот кәсіпкерді екі айға қамау туралы шешім шығарды.

Айгүл ЕРМАХАН