Абай облысында прокурорлар мемлекеттік органдардың негізсіз талаптарын жоюға қол жеткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Облыстық прокуратураның мәліметінше, Абай ауданында мүмкіндігі шектеулі 10 бала үйде білім алады.
Дәрігерлік-консультациялық комиссияның қорытындысы балаларды үйде оқыту және тәрбиелеудің негізі болып саналады.
Дегенмен, білім беру ұйымдары ата-аналардан заңмен қарастырылмаған психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялардың қосымша қорытындысын талап еткен. Мұндай қорытындыларды алу үшін ата-аналар балаларымен аудан орталығынан 200 км қашықтықта орналасқан қалаға баруға мәжбүр болды, бұл үлкен қолайсыздықтар мен қосымша шығындар тудырған, - делінген Абай облысы прокуратурасының ақпаратында.
Белгілі болғандай, аудан прокуратурасының заң бұзушылықтарды жою туралы ұсынысын қарау нәтижесінде білім бөлімі қажетсіз құжаттарды сұрату практикасын тоқтатты, енді ата-аналар қажетті қызметтерді артық қағазбастылықсыз ала алады.