Бүгін еліміздің түкпір-түкпірінде адамдар бір-бірімен амандасып, жылы лебіздерін білдіріп, ұзақ өмір, саулық тілеп жатыр. Амал мерекесі – көктемгі жаңару мен халықтың бірлігінің символы. Былтыр Мемлекет басшысының тапсырмасымен Наурызнама тұжырымдамасы бекітіліп, ұлық мейрамды тойлайтын он күн осы көрісумен басталатын болды. Аймақтар ұлыстың ұлы күнінің бастамасын қалай тойлап жатқанын тілшілерімізден білейік.
ЕРКІН КАРИН, ТІЛШІ:
Ежелгі дәстүр бойынша бұл күні жасы кішілер үлкен шаңыраққа амандаса барады. Таңмен таласа оянып, ағайынның тілеуін тілегендердің ырысы мен бір ісі артық, мерейі де үстем болады, дейді қариялар.
Бұл күні кемінде қырық үйге барып амандасу керек деген түсінік бар. Бірақ тірлігі қарбалас қазіргі қалалықтарға қиынға соғатыны анық. Дегенмен бұл ұғымды заманға сай өзінше бейімдеп алған оралдық іскер әйелдер көже пісіріп, көшедегі жүргіншілерге бауырсақ ұстатты. Ал аға буын естеліктерін айтып, ақ батасын берді.
МАҚСОТ БЕРГЕН, ОБЛЫСТЫҚ АРДАГЕРЛЕР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:
Ертеректе айдалада киіз үйде қыстап шыққан халқымыз күздің қара жаңбырынан кейін, қыстың қалың қарынан кейін күн жылыған осы Наурыз айында аттарына мініп, бүкіл ауылды аралап, тума-туысқандарына сәлем беріп, солардың амандығын тілеп, үлкен кісілерден бата алған. Енді бұл мейрам тек қана біздің Батыс Қазақстан емес, бұл мейрам бүкілхалықтық мейрамға айналып келе жатыр.
Ал музей қызметкерлері ақ шаңқан киіз үй тігіп, Наурыз тойын бастап кетті. Күннің суығына қарамастан, жергілікті өнерпаздар ән шырқап, би биледі. Бұл думанға ауылдан арнайы келген әжелер ансамблі қосылды. Сан ғасырдан бері жалғасқан көне дәстүрді кезінде қалай тойлағанын әңгімеледі.
ГҮЛШАТ ШАПАҒАТҚЫЗЫ, "КӨҢІЛАШАР" ӘЖЕЛЕР АНСАМБЛІНІҢ МҮШЕСІ:
Көлік жоқ, ат шанамен әлде ат арбамен жүреміз ғой бәріміз де. Ана нағашыларға барып көрісіп келуіміз керек. Қуанып жүгіріп, құрттай қоржынымыз бар, бертін келе пакетіміз бар. Салып алып шауып жүреміз ғой. Мынаның ана көрші үлкен құданың үйіне барып алдық, мынаны көрші Жәмила апам берді деп үйге келіп айтып жатамыз ғой. Маған мынадай бата берді өркенің өссін деп айтты деп.
ЕРКІН КАРИН, ТІЛШІ:
Бір қызығы, көрісу күні облыстың әр ауданында түрліше тойланады. Мәселен, орталықта көрісу бүгін басталса, оңтүстік аудандар ертең, 15-наурыздан бастап көріседі. Бірақ ниет түзу: бастысы - алыс-жақындағы ағайынның амандығы. Айдана, Сізге де бүгінгі мейрам құтты болсын, бір жасыңмен! Алатау баурайындағы ағайынға бізден дұғай сәлем!
АЙДАНА ШАЛҚАР, ТІЛШІ:
Рақмет, Еркін. Әрине, біздің Алматы көрісу мерекесін тойлауда Батыстықтардан асып түспейтіні анық. Бірақ дәл қазір Көктөбе алаңында өтетін концертке жиналған жұрттың қарасы көп. Бүгінгі мерекеде Көктөбедегі аспалы жол да тегін жұмыс істеп тұр.
Көрісу күні – жай ғана дәстүр емес, ол – ынтымақтың, достықтың, сыйластықтың белгісі. Амал мерекесі соңғы 3 жылдықта оңтүстік астанада тұрақты атап өтіліп келеді. Бауырмал, көпшіл жұртымыз бүгін қыстан аман-есен шыққанын тойлап, туыс-туғандарына қоңырау шалып саулық тілеп жатыр.
БЛИЦ:
- Ағайын-туыс, көрші-қолаң, құда-жекжат барлығымыз шүкірімізді айтып, құшақтасып, көрісеміз. Осындай әдемі мереке көктемнің шуақты күнінде.
- Бүгін таңертең анаммен хабарласып, ватсап арқылы жіберіп құттықтауымызды, бір-бірімізбен көрісіп алдық.
- Бір-бірімізге жақсылық тілеп, амандық тілеп, келесі жылға дейін аман-сау болыңыздар деп көрісіп жатырмыз. Көрісу мерекесі, амал мерекесі құтты болсын!
Қоса өтейін, бүгінгі концертте Роза Рымбаева, Жанар Айжанова, “Жігіттер” тобы, Айгүл Қосанова сынды әртістер әсем әуендерімен көпшілікті эйфорияға бөлемек.
ЖАНАР АЙЖАНОВА, ӘНШІ:
Біздің Батыс өңірінде көрісу ол бұрыннан келе жатыр. әкеміз ат шанаға бәрімізді салып алып, марттың уақытында наурыз уақытында бізде жаз шыға қоймайтын, көрші ауылдардың бәріне кететін. Сонда барып, Амал күні құтты болсын, мерекең құтты болсын деп әйтеуір құттықтап жататын.
АЙДАНА ШАЛҚАР, ТІЛШІ:
Айта кетейік, мегаполисте Наурызнаманың онкүндігі аясында 100-ден аса түрлі іс-шара өтеді . Алматыдағы мерекелік атмосфера осындай. Ал, бүгінгі мейрамда астаналықтардың көңіл күйі қандай екен? Елордалық әріптесім әрі аттасым Айдана Қайрат жалғастырады. Айдана, сені де бір жасыңмен құттықтаймын!
АЙДАНА ҚАЙРАТ, ТІЛШІ:
Рақмет, Айдана! Сені де жаңа жасыңмен құттықтаймын. Елордалықтар да Амал мерекесін дүркіретіп тойлатып жатыр. Жұрттың көңіл-күйі көтеріңкі. Арнайы шарада түрлі ұлыс өкілдері қазақ халқының салт-дәстүрлерін көрсетіп, бір-бірін көктем мерекесімен құттықтауда. Аға буынға жас ұрпақ тағзым етсе, ақсақалдар нұрлы батасын беріп мәре-сәре.
БЛИЦ:
- Бүгін бір-бірімізбен қауышып, ренжіген болса кешіретін, кешірім күні.
- Шынымен де өте көңілді болып жатыр. Алғаш рет келуім, барлығы тамаша. Келесі жылы да келеміз.
- Наурыз күні тек 22-ші наурыз емес қой. Наурыз күні тек амал мерекеден басталады. Сондықтан басқа мекерлер де бар ұлттық киім күні, шаңырақ күні.
Табиғаттың қытымыр кезеңі қыстан кейін шуағы мен шапағатын алып келетін бұл күнді ата-бабаларымыз ескі заманнан қасиет алып келетін күн деп таныған. Мерекені 1 күн ғана емес бірнеше апта бойы тойлаған. Көрісу, тағзым ету, бұлақ көзін ашу, кешірім, сый жасау, береке-сауық деп әр күнді түрлі тақырыппен өткізеді. Осындай атаулы күндер Наурыз мерекесіне дейін жалғасады.
АЙДАНА ҚАЙРАТ, ТІЛШІ:
Наурызнаманың 10 күндігінде Астанада 200-ден астам ауқымды шара өтеді. Мерекелік концерт, көрме, спектакль және шығармашылық кештер ұйымдастырылады. Баршаңызды бір жастарыңызбен құттықтаймын.