Кино саласында білікті маман жетіспейді

  • AstanaTV
  • 18 наурыз 2025
  • 105
Кино саласында білікті маман жетіспейді

Маман тапшылығы отандық киноиндустрияның дамуын тежеп отыр. Салада кәсіби сценарист, режиссер, оператордан бөлек қарапайым гримердің өзі жетіспейді. Бұл туралы бүгін Үкіметте айтылды. Продюсерлік орталықтың директоры Александр Аксютицтің сөзінше, шетелдік серіктестер тарапынан елімізде сериал түсіру бойынша тапсырыс көлемі өсуде. Бүгінде қазақстандық контент Ресей, Қырғызстан, Ирландия, Германия, Түркия, Оңтүстік Корея, Ұлыбритания сынды бірқатар елге сатылып жатыр. Алайда қазақстандық туындыларға деген сұраныс оның өндірісінен біршама артып отыр.

АЛЕКСАНДР АКСЮТИЦ, ПРОДЮСЕРЛІК ОРТАЛЫҚТЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ:

Жеткілікті деңгейде кино түсіруге шамамыз жетпейді. Өйткені талант көп болғанымен, оларға білім мен дағды жетіспейді. Мәселенің шешімі ретінде халықаралық сарапшылардың қатысуымен білім беру бағдарламаларын ұйымдастыруды ұсынамын. Біздің шетелдік серіктестеріміз осындай бастамаларды қарастыруға дайын, бірақ оларды жүзеге асыру үшін қолайлы жағдай қажет.


Премьер-министр Олжас Бектенов бұл ұсынысты қолдады. Сонымен қатар Үкімет басшысы киноөндірушілер мен прокатқа шығарушылар мүдделерінің тепе-теңдігін орнату мақсатында кірістердің ашықтығын қамтамасыз ететін "E-кино" платформасын жедел іске қосуды тапсырды.

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Жақсы кино түсіру үшін көп қаражат керек. Мұндай қаражатты прокаттан түсіруге болады. Бірақ қазіргі уақытта фильмнен түсетін пайданың көбі кинотеатр иелерінде қалады. Сондықтан киноөндірушілер мен прокатқа шығарушылар мүдделерінің тепе-теңдігін бекіту маңызды.