Оралдық шаруалар қарызын қайтара алмай жүр

  • AstanaTV
  • 19 наурыз 2025
  • 94
Оралдық шаруалар қарызын қайтара алмай жүр

Несиелік серіктестік құрып, ісімізді ілгерілетеміз деген оралдық шаруалар соттың табалдырығын тоздырып, кімнен көмек сұрарын білмей жүр. Әйтпесе кепілге қойған дүние-мүлкі мен кәсібінен айрылуы мүмкін. Сырым ауданындағы шаруалар кезінде несиелік серіктестік құрып, 1 миллиард теңгеге жуық несие алған көрінеді. Бірақ топтың жарғысына сай, бірінің төлей алмаған қарызын басқалары көтеріп алуы тиіс. Осылайша кәсібі жүрмей қалған екі кәсіпкердің кесірінен мемлекетке 400 миллион теңге берешек боп шыққан. Сот шешімімен есепшоттары бұғатталып, субсидиядан да қағылып отыр. Ал бұл қарызды аз уақытта қайтару мүмкін емес.  

ФАРХАТ БАҚТЫҒАЛИ, НЕСИЕЛІК СЕРІКТЕСТІК БАСШЫСЫ:

Кредит алғандардың суммасы әртүрлі. Біреулер 6 тек миллион алады, біреулер одан көп алады, 100 миллионға дейін алғандар да бар. Егер төлемесеңдер, қол қоймасаңдар сот орындаушыларға береміз дейді қазіргі талабына көнбесек. Ол бізге тиімсіз, біз тіпті кредитті жапқанның өзінде біздер залогымызды босата алмаймыз, қысыммен келіп отыр қазіргі уақытта.


БАҚЫТЖАН ХАМИДУЛЛИН, КӘСІПКЕР:


Менің залогыма басқа қожалықтың залогы гарант болады. Мен басқа қожалыққа гарант боламын. Бұлар бүйтіп бәрін байлайын деп тұр. Бұл қандай заңдылыққа жататынын-жатпайтынын білмеймін. Баяғыда бір қатын айтып еді: күйеуім ұрады деп, сосын екінші шыққанда қылғындырады деп еді. Сол сияқты бізде құрттай кешігеді. Енді мал болғасын, ол дүкен емес қой. Мал деген өсуі керек, семіруі керек. Баға болмай жатыр екі-үш жылдан бері.


Тығырықтан шығудың амалын іздеген шаруалар серіктестіктің жарғысын өзгертуді ұсынады. Яғни топтың әр мүшесі басқаға салмақ салмай, өз несиесін өзі өтеуі тиіс. Сонда мәселенің күрмеуі шешіледі дейді.

МАРАТ СӘРСЕЕВ, "АГРАРЛЫҚ НЕСИЕ КОРПОРАЦИЯСЫ" АҚ БҚОФ ДИРЕКТОРЫ:


Өздері жиналыс жасайды. Сол жиналыстың қорытындысын бізге қағаз жүзінде береді. 19 шаруа қожалығы бәрі қолдарын қойып, заңдастырып. Оны біздер алып орталыққа шығарамыз. Мына кісілермен осындай ұсыныс түсіп отыр деп. Сосын осындай шешім шығарып беруіңізді сұраймын деп. Мен бір шешімі болар деп ойлаймын.