Мемлекет
басшысы бір апталық іссапар аясында Түркияға барды. Стамбұл қаласында Нұрсұлтан
Назарбаев Ислам ынтымақтастығы ұйымының өңірдегі және әлемдік бейбітшілік
мәселелеріне арналған 13-ші саммитіне қатысады деп жоспарланған.
Ақорданың
баспасөз қызметінің хабарлауынша, елбасы сондай-ақ Түркия президенті Реджеп
Тайып Ердоғанмен кездесіп, түркиялық ірі холдинг басшыларымен бизнес
саласындағы серіктестік жайын талқылайды.
Күні кеше Иранда болған Қазақстан
басшысы санкциялар құрсауынан енді босаған елдің кәсіпкерлерін
«Қазақстан-Түркіменстан-Иран» арасын жалғайтын темір жол мүмкігіндігін пайдалануға
шақырды. Мемлекет басшысы сонымен қатар ирандық іскерлерді Қазақстанның «Нұрлы
жол», индустрияландырудың екінші кезеңі мен ауыл шаруашылығын дамыту
бағдарламаларына белсенді араласуға үндеді. Инвесторлар үшін Қазақстанда барлық
жағдай жасалған, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Нұрсұлтан
Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Иран
Ислам Республикасының президенті Хасан Рухани мырзаға, бүкіл Иран халқына
қонақжайлылық көңілі мен бізге деген құрметтері үшін және ресми сапармен
шақырғаны үшін шын жүрегіммен рахметімді айтамын. Бұл кезең өте тарихи деп
санаймын. Иран халқын, президентті ұлы жеңістерімен құттықтаймын.
Азамат АЛДОҢҒАРОВ