Русский Сайттың толық нұсқасы

Өскеменде қуыршақтар мен ойыншықтар көрмесі ашылды

  • AstanaTV
  • 22 маусым 2017
  • 7160

Балалық шаққа саяхат. Өскеменде осындай атаумен қуыршақтар мен ойыншықтардың көрмесі ашылды. Мұнда шеберлер қолынан шыққан 160-қа тарта бұйым қойылыпты. Ойыншықтардың кейбірі осыдан он шақты жыл бұрын жасалған. Ересектерді балалық шаққа жетелеген көрме туралы келесі материалда. 

Көрмедегі ойыншықтар әр алуан. Олардың біразы қолдан жасалған. Ұйымдастырушылар қуыршақтардың арасынан ең тартымдыларын таңдап алыпты. Саздан жасалған ойыншықтар, адам мен жануарлардың мүсіні, ағаштан ойылған топтық композициялар да бар. Бұйымдардың біразы Наталья Баженованың қолынан шыққан. Құрылыс колледжінде жұмыс істеген шебер сүйікті ісі туралы айтып берді. Бірде қоғадан тоқылған қалпақты көріп, қызыққаны сонша оны өзі тоқып шығады. Осыдан кейін бұл іс ермегіне айналған. Биылғы тауық жылына орай, әдемі қоразды да тоқыпты.

Наталья Баженова, қуыршақ жасаушы шебер:

Бір ойыншықты бір жарым, әрі кетсе, екі сағатта жасаймын. Қызығып кірісіп кеткен кезде, сағатқа да қарамаймын. Кейін қалай шыққанын көру үшін, айнаның алдына қойып, жан-жағынан бір қарап шығамын.

Балабақша тәрбиешісі Татьяна Перетокина да қолөнер бұйымдарын жасауға бейім екенін кездейсоқ байқаған. Әуел бүлдіршіндерге ойыншықты өзі жасап береді. Кейін бұл күнделікті ісіне айналған. Ойыншықтарының әдемілігі сонша, мына қуыршақтар фарфордан жасалғандай жылтырап тұр. Бірақ шебер мақта мен нейлонды ғана қолданыпты.

Валентина Черкашина,  ШҚО музей-қорығының аға ғылыми қызметкері:

Оның қуыршақтары тұрмыстың түрлі саласын қамтиды. Ертегілерге арнап жасаған ойыншықтары да бар. 50 қуыршағы біздің көрмеде, ал музей қорында тағы 70 қуыршағы сақтаулы. Алматылық қор тарту еткен ағаш жәдігерлердің бір бөлігін осында қойдық.

Бұл әдемі ойыншықтарды жасаған зауыттың жабылғанына 30 жылға жуықтаған. Дегенмен шеберлердің қолынан шыққан бұйымдар ерекше көз тартады. Бірақ олар сатылмайды. Ал ынтасы бар жандар шеберлерден тәлім алып, қуыршақ жасаудың құпиясын үйрене алады. 

Еркін Карин