Русский Сайттың толық нұсқасы

Жұмыртқа бағасын өсіретін ...делдалдар...

  • AstanaTV
  • 19 наурыз 2016
  • 1559

Отандық құс өсірушілер Үкімет пен кәсіпкерлер палатасынан делдалдардың жұмыртқа бағасын өз құнынан 20 пайыздан асырмай саудалайтын заңнамалық негіз жасауды сұрайды. Құс өсірушілер одағының президенті Руслан Шәріповтің айтуынша, шаруалар табысының қаймағын алып-сатарлар қалқып жеп отыр. Құс фабрикасынан бір бағамен шыққан жұмыртқаға делдал, сауда орындары қосымша құн қосып, соңында қарапайым сатып алушының қолына өнімнің ондығы екі есе қымбатқа түседі.

Руслан Шәріпов,  Қазақстан құс өсірушілері одағының президенті:

Мысалы, құс фабрикалары бірінші категориялы жұмыртқаны 18 теңгеден жіберсе, дүкендерде оның құны ондығына 300-350 теңгеден тұр. Біз үкімет пен ауыл шаруашылығы министрлігіне, кәсіпкерлер палатасына делдалдар өнімнің өз құнына 20 пайыз ғана құн қоссын деген ұсыныс жасадық. Бұны фабрикалар беретін есеп құжаттары бойынша қадағалап отыру оп-оңай.

 Ал Шымкенттегі көтерме-сауда базарындағылар «қосатынымыз бір теңге» дейді.

Сауал-жауап: Соңғы  екі-үш айдың аралығында  18 теңгеден міне 24-25 теңгеге көтерілді бағасы.

-Қанша қосасыз?

-1 теңге. 1-категорияға да, отборныйға да 1 теңге қосамыз.

Яғни дүкеншілер дейікші, бағаны өкіртіп қосатын солар болғаны.

Қарағандылық құс фабрикасы бүгінгі бағаның еңбек пен шығынды ақтамайтынын айтады. «Орталық құс» серіктестігі өндіріс көлемін арттыру үшін шетелден жаңа қондырғылар әкелген. Енді оны іске қосу керек. Бірақ бүгінгі баға деңгейінде техникалық базаны жаңартып, жаңа технология әкелу мүлдем тиімсіз,- дейді қарағандылық құсшылар.

Роза Ақылова, «Орталық құс» ЖШС директорының орынбасары:

Қазіргі мезгілде 17,18 ден баға деген арзан біздің өндірісте. Доллар қымбаттады.Салярка,бензин,жем-шөбіміз бар. Енді міндетті түрде қымбаттату керек. Өйткені, айтып отырмыз ғой,біз қондырғыларды іске қосуды пландап отырмыз.Оның бәрі шетелден алынатын нәрсе.

Өндірісте озық технологияларды қолданбасаң мемлекеттен субсидия алуың тағы қиындайды. Ал мемлекеттен субсидия ала отырып, шығындарыңды жабу үшін өз еркіңмен бағаны да көтере алмайсың. Баға тұрақтылығын  монополияға қарсы қызмет бағып отыр. Құс өсірушілердің айтуынша, қатал қызмет кейде тіпті кәсіптің маусымдық ерекшеліктерін де ескермейтін көрінеді.

Орындық Шәріпова, «Орал құс фабрикасы» ЖШС директорының орынбасары:

Монополияға қарсы комитет құс фабрикалар өнімінің маусымдық сұранысы мен кәсіптің ерекшелігін ескергісі жоқ. Керісінше, бағаның маусымдық өзгерісін фабрикалар сөз байласу деп көрсетеді. 2015 жылы тексерістен кейін бізге осындай айыппен 10 млн 115 мың теңге айып төлетті. Биыл ақпанда келіп тағы сондай хаттамалар толтырып кетті.

Ал Батыс Қазақстан облысы бойынша монополияға қарсы департамент жетекшісі біздің арнамызға аталған фабриканың әр жұмыртқа үшін 2,6 теңге субсидия алып отырғанын алға тартты. Қарап отырсаң бәрі заңды. Шаруалар да, мемлекет те, қадағалаушы орган да өз міндетін атқарып отыр. Тиісті министрлік шаруаларға миллиондап субсидия береді, ал қадағалаушы орган оны айыппұл ретінде мемлекет қазынасына қайтарып әлек. Бұл жерде есебі түгел бір-ақ тарап бар. Ол – делдалдар. Олар еш министрліктен де, комитеттен де қаймыға қоймайды. Қомағайланып құн қосқаны үшін де оларға айып жоқ. Парадокс.