Русский Сайттың толық нұсқасы

Делдалдарсыз ет сату

  • AstanaTV
  • 19 наурыз 2016
  • 4410

Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков ішкі нарықта ет дұрыс бағаланбайды деп есептейді. Осы аптада Астанада ет өндірісіне байланысты форум өткен, сонда айтты. «Егер басқа елдерге қарасақ, ет өнімдері бізден әлдеқайда қымбат. Мысалы, Қытайда сиыр етінің келісі 8 доллар, Израильде құс етінің келісі 6 доллар. Бізде үш есе арзан. Бұл ет өнімдерін шығаратындар үшін үлкен проблема. Нарық басылып қалған. Бұл әрине, бөлшек саудадағы бағасы өсуі керек деген сөз емес. Мәселе логистиканы жөндеп, делдалдарды ығыстыруда»,- деді министр. Ол сондай-ақ, стандарттау сияқты жұмыстарды есептемегенде, отандық ет сапасының жоғары екенін айтты. «Мысалы, стейк қақтайтын ет шығаратын бір фирма өнімінің келісін  мәскеу нарығында 15 доллардан жоғары бағаға сатады, мұнан соң қандай сұрақ болуы мүмкін?»,- деді Мамытбеков.    

Бір жағы қарапайым адамдар үшін ет қымбат, екінші жағынан, қарапайым фермер де қарық болып отырған жоқ. Солтүстік Қазақстан облысындағы меншікті тілші Абзал Құрманкин ірі қара бордақылайтын алаңқайлар ашылып жатқанын естіп, көріп қайтқан, репортажы:

1916 жылы жүргізілген санаққа сенсек, Алаш жерінде 5 миллионға жуық ірі қара болған. Содан бері мал басы сан рет кеміп, сан рет еселенген еді. Ресми дерекке сүйенсек, бүгінде елімізде алты миллион екі жүз мыңнан астам ірі қара  бар. Қора малға толғанымен, еттің бағасы қол жетімді деп айту қиын. 

Сауалнама:

Қазір қарасам, 1200-1300 тұрады келісі. Бұл бізге қымбат. 900-1000 теңгеден асырмаса, оңды болар еді.

Мыңнан асады ғой мына ет, сиыр еті, жылқы еті. Кішкене арзандау болса.

Негізі қалыптасқан тәртіп бойынша малдың еті базарға тікелей шаруалардан емес, көбіне делдалдар арқылы жеткізіледі. Бағаның өсуіне әсер ететін негізгі фактор да сол. Ауыл жұртынан етті арзанға алып кететін делдалдар, үстінен өз құнын қосып, сауда нүктелеріне ұсынады. Берікбол Қоршамбай мал басын көбейтуді 2012 жылы қолға алған. Бастапқыда 25 қара мал сатып алыпты. Бүгінде шаруаның 40 бас сиыры бар. "Алайда, бизнесті қарқынды дөңгелету мүмкін емес",- дейді ол. Себебі, делдалдардың таза етке беріп отырған бағасы тым төмен. Ал етті қалаға апарып, тікелей сату шалғайда орналасқан тұрғындар үшін қиын екені түсінікті.

Берікбол Қоршамбай, шаруа:

Бір тоннадай жем кетеді ғой малға. Жақсылап жем берсе. Жақсы мал болу үшін бір тоннадай жем кетеді. Шөптен бір 200-300 тюк кетеді ғой. Жемді шөпті, қарапайым халықтар сатып алады 400 теңгеден бір тюгын, 350ден 400ге дейін сатады. Бір басқа мың тюк аламын десе, 350 мың теңге керек болады ғой. Жемді 25-30 мыңнан сатады. Осы күнге дейін онша тиімді болмады. Өйткені, делдалдар келіп алып кетеді арзан бағаға. Шамасы келсе, арзан алғылары келеді. 600-700 теңгемен алғылары келеді.

Бүгінде Солтүстік Қазақстан облысының өзінде асыл тұқымды мал өсіретін 16 нысан бар. Алайда, бұл шаруашылықтар тек өзіне тиесілі мал басын ғана көбейтіп отыр. Оны ауыл жұртының қарапайым малымен араластыруға тыйым салынған.

Станислав Чижаковский, ферманың зоотехнигі:

Бұл мал бордақылау алаңында 1800 бас асыл тұқымды ірі қара бар. Ангус және қазақтың ақбас сиыры. Фермаға қарапайым сиыр-бұқаларды кіргізуге болмайды. Бұл ветеринарлық талаптардың бірі.

Ал Үкіметтің делдалдарды ығыстыру үшін тапқан  амалының арқасында енді тұрғындар жаңадан тұрғызылған арнайы алаңдарға өз малын тапсыра алады. Әңгіме  жер- жерде ашылып жатқан мал бордақылау алаңдары туралы.  Олардың иелері ірі қара етінің келісіне шамамен 800 теңгеден береді. Бұдан бөлек, мемлекет тарапынан мал тапсырған кісіге әрбір бас үшін 24 мың теңге көлемінде қосымша субсидия төленеді.

Алтынбек Абдоллаев, СҚО ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары:

Қазіргі таңда біздің осы Солтүстік Қазақстан облысының маңайында 17 миллонға шейін халықтар тұрады. Ол мынау Россияның шекаралас облыстарында. Солардан бізге бүгін сұраныс бар. Біздің етімізге деген сұраныс өте үлкен. Соларға біз осы етімізді апарып береміз бе деген ойдамыз. Бұл бір. Екінші мәселе, арадағы делдалдық мәселелер көп. Ел болғаннан кейін, басқа жақтан келіп, ауылдық малдарын алып, арзанға сатып әкетіп жатқандар бар. Соларды жоямыз ба деген ойдамыз.

Биыл теріскейде 3 мың басқа шақталған  мал бордақылайтын 2 алаң іске қосылады. Соның бірі «Вишневское» серіктестігінде құрылмақ. Нысанның құрылысы былтыр басталған. Кәсіпорын ауыл жұртынан тайынша, қашарларды сатып алып, оны өсіріп, артынша Ресей нарығына шығаруды жоспарлап отыр.

Павел Рафальский, «Вишневское» ЖШС директоры:

Ресейліктерді малдың үлкен партиялары қызықтырады. Яғни, айына 50-100 бастан алмақ. Қазір малды мұндай көлемде өткізуге қауқарымыз жоқ. Сондықтан мал бордақылау алаңдарын салып жатырмыз. Қазір тұрғындар қара малды тапсыра ма деген сұрақ туындап тұр. Жұрт жаппай бұқа-сиырларды өсірумен айналысу үшін біз оларды арзан жем-шөппен қамтамасыз етеміз. Нәтижесінде жаңа нысанымыз сиырға толады деп ойлаймыз.

Қазір көрші елдің тарапынан қазақтың сапалы етіне сұраныс жоғары. Қорған, Түмен, Омбы облыстарының ірі кәсіпорындары қазақ елімен келісім жасауға мүдделі. Жуырда Солтүстік Қазақстанға Қорған облысының делегациясы келіп, ет сатып алу туралы меморандумға қол қойды.

Алексей Кокорин, РФ Қорған облысының губернаторы:

Бізде үлкен ет комбинаттары бар. Бірақ, шикізат тапшылығы байқалуда. Жергілікті шаруашылықтар әлгі кәсіпорындарды етпен толық қамти алмай отыр. Бұл орайда Солтүстік Қазақстанмен жасаған келісімнің маңызы зор.

Бұл жолы биліктің жобасы бірнеше проблеманы шешетін сияқты. Бір жағынан нарықтан делдалдар ығыстырылып шығарылып, қарапайым шаруалар бейнетіне татитын ақша алса, екіншіден, экспортқа  шығаратын өнімді молайтуға ықпалдасады. Енді ауыл-аймақтағы жұрттың мал ұстауға ынтасы оянатын шығар. Бұл расында мүмкіндік. 

Абзал Құрманкин «Біздің уақыт».