Русский Сайттың толық нұсқасы

Дондағы Ростовта жолаушылар ұшағы апатқа ұшырап, 62 адам опат болды

  • AstanaTV
  • 19 наурыз 2016
  • 1654

Бүгін таңертеңгі төрттер шамасында Дондағы Ростов қаласының әуежайында Дубайдан ұшып келген жолаушылар ұшағы апатқа ұшырады...

Ұшақ бортындағы 55 жолаушы мен 7 экипаж мүшесі түгел опат болды. Ұшып-қонатын алаңға қонуға бет алған ұшақтың жерге алдымен  қанаты тиген, сосын жарылған, артынша быт-шыт болып қираған. Апаттың алдында ұшақ 2 сағат қона алмай жүрген. Сағат бір жарымның кезінде қонуға талпынады. Алайда ауа райының қолайсыздығынан олай істей алмайды. Сосын екі сағат аспанда айналып жүреді. Бортында 18 ер кісі, 33 әйел, 4 бала болған. Ақпарат құралдарының хабарларына қарасақ, жолаушылар негізінен Ресей азаматтары. Украина, Өзбекстан, Үндістанның азаматтары бар. Ал экипаж Біріккен Араб Әмірліктерінің азаматтары, сондай-ақ, бірнеше елдің өкілдері бар. Ұшақ Дубайдың Flydubai әуе компаниясына тиесілі. Компания да, оның кіл Boeing 737-800 NG –ден тұратын флоты да жаңа – компания 2009 жылы құрылған, ал лайнерлердің зауыттан шыққанына 3 жылдан енді асқан.

 Апат бойынша негізгі болжам – ауа райының қолайсыздығынан дәлірегі - күшті желдің кесірінен жерге соқтығысу. Сонымен бірге шетелдік пилоттар үшін Дондағы Ростов ұшып-қону алаңының бәрібір бөтен болып қалатыны, олардың қайта қонуда бүкіл нюансты есептемегендері айтылады. 

Командирдің соңғы сөздері жарыққа шықты – ол әуежай диспетчеріне қонуға қайтадан талпыныс жасайтындарын растаған. Сондан кейін байланыс жоғалып кеткен.

55 жолаушының туған-туысқандарына психологиялық көмек көрсетіліп жатыр. Дондағы Ростов облысында ертең қаралы күн...