Русский Сайттың толық нұсқасы

Араб елдері Катарға бірнеше талап қойды және олар 10 күн ішінде орындалуы тиіс

  • AstanaTV
  • 23 маусым 2017
  • 6837

Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері, Бахрейн мен Мысыр Катарға шарт қойды. Олар ресми Доханың Иранмен ара-қатынасты үзуін талап етті. Сондай-ақ Катардағы Түркияның әскери базасын жауып, әріптестікті доғару, Al Jazeera телеарнасының жұмысын тоқтату талабын да қойып отыр. Лаңкестік ұйымдармен байланысты үзу шарты да бар. 13 түрлі талап жазылған құжатты Кувейт тарапы ұсынған. Бұл ел Катарға қатысты шиеленісті шешуде арағайындық танытып жүр. Құжатта "талаптар 10 күн ішінде орындалуы тиіс" делінген. Арабтар арасындағы мүдделер қақтығысына Түркия бей-жай қарай алмайды. Астанада өткен Еуразиялық медиа форумда экс-президент Абдулла Гүл осылай деді.

Абдулла Гүл, Түркия экс-президенті:

Біз Сауд Арабиясы мен Катардың проблемалары мен тарихын білеміз. Мұның дәл қасиетті  Рамазан айында «шиеленіс нүктесіне» айналғаны көңілге қаяу түсіреді. Эмбарго, мұның барлығы саяси дағдарыс. Дегенмен, келіссөздер арқылы шешуге болады деп ойлаймын. Өйткені олар бір отбасынан шыққандар, бір дінді ұстанушылар.

Таяу Шығыстағы проблемаларды шешу үшін АҚШ, Ресей, Еуропалық одақ пен БҰҰ бірлесіп, жол картасын жасау керек. Израильдің келіссөздер бойынша арнайы бас қызметкері Гилад Шер осындай ұсыныс жасады. Оның пікірінше, жағдай ешкімге пайда әкелмейді, бейбітшілікке осылай ғана қол жеткізуге болады. Ал, Еурокомиссияның экс-төрағасы Жозе Мануэль Боррозу, Таяу Шығыс елдерінің АҚШ пен Еуропаның қатысуынсыз өз мәселелерін өздері шешетін уақыты жетті, деп есептейді.