Русский Сайттың толық нұсқасы

Теңдеу шешкен Әбілпасым, ҰБТ сынақтарын қайта тапсыру мүмкіндігі, химиялық кастрацияның заңдастырылуы

  • AstanaTV
  • 19 наурыз 2016
  • 2547

Қызылордадағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде  12-сыныпта оқитын Әбілпасым Латыш осы кезге дейін ешкімнің ойына келмеген математикалық теңдеуді шығарды. Ғалымдардың айтуынша, оқушының шығарған теңдеуі сәулет өнері мен роботехниканың жұмысына түрлі эскиздер жасауға мүмкіндік береді. Әбілпасым математикалық теңдеу шығар­ғаннан кейін жұмысын Қырғызстан, Тәжікстан, Әзербайжан мен еліміздің 400-ге жуық жас математиктері қатысқан халықаралық конкурсқа ұсынған. Сол жер­де оның зерттеуіне өте жоғары баға берілген.

«Әбілпасымның шығарған теңдеуі жобалау және үлгілеудің әдістерін анағұрлым жеңілдетеді. 17 жасында ғажап формула шығарып жатса, болашақта мықты математик болатын шығар»,- депті ғалымдар.

Әбілпасым Латыш, Қызылордадағы Назарбаев зияткерлік мектебірінің 12-сынып оқушысы:

Архитекторлар мен инженерлердің сызба дайындауға кеткен көп уақыттары менің жасаған формулам арқылы алынған кескіндерді пайдалана отырып онай әрі тез уақыт аралығында ерекше ғимарат сызбасын дайындауы мүмкін.

Оқушының бәрі Әбілпасым сияқты емес. ҰБТ –дан сүрінген  мектеп оқушылары сынақтарды қайталап тапсыра алады. Ақылы түрде. Білім және ғылым министрлігінің шешімі. Әңгіме шекті деңгейден өте алмағандар туралы. Министрліктің таратқан мәлімдемесінде «сөйтіп ақылы түрде жоғары білім алуға тағы бір мүмкіндік беріледі»,- деген. Бұл шешім заң арқылы бекітілмек. ҰБТ –ны кейбір оқушы үйінің жанында, ал кейбіреулер бірнеше жүз шақырым жүріп барып, тапсыратынын айтқан министрлік, сынақтың жан толқытып, стресске түсіретініне нұсқайды. Сондықтан тағы бір мүмкіндік берілуі керектігіне тоқталады. Министрлік ҰБТ тапсыра алмай қалатын түлектердің жыл сайын артып отырғанын да келтірген. Былтыр 46 мың бала өтпеген. Жыл сайын 100 мың түлек жоғары білім кемесіне міне алмайды. Оның 25 мыңы колледжге де бармайды екен. Ал  кейбіреулер жоғары білім алу үшін  Ресей мен Қытайға кетіп қалады. Академиялық миграция көлемі алаңдатарлық деңгейге жеткен. 2015 жылы Ресейде 39 мың қазақстандық оқыған. Бір немесе бірнеше балы жетпей қалғандар ақылы білім алуға шет мемлекеттерге кетіп жатыр.

Ерлан Сағадиев, ҚР Білім және ғылым министрі:

Балаларға екінші мүмкіндік беру керек болып тұр. Негативтік тенденциямыз бар. 2015 жылда 40 мыңнан аса бала ЕНТ-дан қашып, көбі Ресей мен Қытайға кетті. 100 мыңнан астам балаға біз өзіміз ЖОО жолды жауып тастадық. Оны дұрыстау керек.

Яғни «екінші рет берілетін мүмкіндіктің» пайда болуына итерген тағы бір фактор - ақша  - шет мемлекеттердің білім ордаларына барып ақша құйғанша, өзіміздегі білім ошақтарына төлесін,- деген ой.

Жалпы ҰБТ тапсыру тетіктері биыл өзгермейді  - шекті деңгей 50 балл. Медициналық мамандықтар бойынша 60 балл.

 Тағы бір мәселе - педофилдерге химиялық кастрация жасалады. Рұқсат беретін заңды сенаторлар мақұлдады. Балалар мен жасөспірімдерге зорлық қылатындарды ине салу арқылы кастрациялайды.

Бірғаным Әйтімова, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

Рұқсат етіліп тұр, егер де химиялық кастрация дегеніміз - бір инъекция жасау. Ол тек қана бір мезгілге жасалатын нәрсе. Ол соттың шешімі бойынша жасалатын нәрсе.

Алайда бұған дейін біздің арнамызға сұхбат берген мамандар инъекцияның әсері ұзаққа бармайды деген болатын.

Николай Нигай, психиатрия, наркология ғылыми-практикалық орталығы директорының орынбасары (27.09.2015 ж.):

АҚШ пен Еуропаның бірқатар елдері қолданады. Олар ерікті кастрацияны және мәжбүрлі кастрацияны қолданады. Оның тиімділігі туралы нақты деректер жоқ. Химиялық кастрация препарат енгізілгеннен кейін белгілі бір мерзімге ғана әсер етеді. Кейін әсері бітеді. Сондықтан ол препаратты үнемі, өмір бойы қолданып тұру керек.