Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақмола облысында туризм саласы жыл сайын жақсарып келеді

  • AstanaTV
  • 23 маусым 2017
  • 3759

ЭКСПО көрмесі аясында Астанаға келген туристердің біразы Бурабайға да қыдырып барған. Олар еліміздің тамаша табиғатына таңдай қағып жатыр. Курорттық аймақта соңғы жылдары логистика дұрысталып, туризм саласы едәуір жақсарып келеді екен. Нәтижесінде отандастар мен қонақтар шет ел асқаннан көрі, Көкше өңіріне көптеп келе бастаған.

Бурабайдың әсем табиғаты мен сұлу келбеті келген жанды баурап алады. Оқжетпестің  бауырында бой көтерген мына этномәдени ауыл шет елдіктердің шын қызыға қарайтын жерінің бірі

Әйкерім Дәулетәлиева, экскурсия жүргізуші:

Қытайдан, Ресейден де көп адамдар келеді. Біз оларға таныстырамыз ұлттық тағамдарды, киіз үйлерді, шеберлерді көрсетеміз. Киізден жасалған, теріден жасалған бұйымдар бар. Сосын мына зергерлік бұйымдар, мына тұмарды біздің ағамыз істеді, өзі.

Марина - Қарағандының тұрғыны. Бурабайға жыл сайын келеді. Мына әсем тастың қасында осыдан 12 жыл бұрын қызы суретке түскен екен, енді немересін әкеліп жүр.

Марина, демалушы:

Бұл біздің отбасымыздың, реті келсе, жыл сайын келетін жерлерінің бірі болып кетті. Осыдан 12 жыл бұрын алғаш келген едік. Мына әсем тастың қасында отбасымызбен түскен суреттеріміз көп. Қазір бәрі естелік болып қалып жатыр.

Көкше өңірі - тарихи ескерткіштер мен мәдени орынға бай өлке. Топырағын түртсе, тарихы көрінетін курортты аймақтың көгі ұшақпен күзетілсе, жерінде полиция кірпік қақпайды. Барлығы келушілер мен қоршаған ортаның саулығы үшін.

Қолынан іс келгендер туристерге қызмет етіп, адал жолмен табыс табады. Солардың бірі - жеке кәсіпкер Балабек. Аттың жалында туып, бауырында өскен ол ата кәсіпті абыроймен атқарып келеді.

Балабек Есімов, «Балабек» ЖК басшысы:

Қазақы жылқыларды ұстаймыз, бие сауып, қымыз жасауға. 15-16 ат бар туризм прокатқа арналған. Мұнда 28 санаторий бар, түгел келеді. Емге келеді.

Тай-құлындары тебісіп, даласында саумал исі аңқыған көрікті жер. Әр қонаққа қазақтың кең пейілі мен  қонақжайлылығын насихаттап тұрғандай әсер қалдырады. 

Дәуренбек Бақдәулет, тілші:

Арқаның кербез сұлу Көкшетауы қазақстандықтардың қашанда сүйікті жері болатын. Оны мына бір наным-сенімнен де аңғаруға болады. Қазір осында келетін туристер саны да артқан. Логистикасы жақсы болғандықтан, осында арнайы келіп, таңданып қайтатын көрінеді. Дәл осы логистика мәселесі шешілсе, Қазақстанда осындай көрікті жерлер қаншама десеңізші.