Астанада банк қызметкерлері мен кәсіпкерлер «Таза Қазақстан» акциясына атсалысты

Астанада банк қызметкерлері мен кәсіпкерлер «Таза Қазақстан» акциясына атсалысты

Астаналық қаржы қызметкерлері «Таза Қазақстан» акциясын қолдады. Сенбілікке шыққан банк саласының мамандары «Жетісу» паркін қоқыстан тазартты. Экоакцияны қала әкімдігі ұйымдастырды.

Қала орталығындағы саябақта өткен тазалық акциясына Ұлттық банк пен еліміздегі екінші деңгейлі банктердің қызметкерлері жиналды. Офистегі жұмысын бір сәтке күрек, тырмаға ауыстырған мамандар қап-қап қоқыс шығарып, ашық алаңдарды көшет егуге дайындады.

СӘБИТ ПАРМАНҚҰЛОВ, ҚР ҰЛТТЫҚ БАНКІ ӘКІМШІЛІК БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Бұл экологиялық акция бәрімізге ортақ болу керек. Енді бұл акцияға өзіміз қатыспасақ, өзіміз қаланы таза ұстамасақ ешкім сырттан ештеңе істеп бермейді. Қаланың тазалығы өзімізге байланысты.


Ауқымды шара барысында сала мамандары «Таза Қазақстан» жалауын бір-біріне табыстады. Бұл акцияға қатысушылардың ортақ іске біріге алатынын айқындай түсті.

АҚБОТА НҰРҒАЛИЕВА, «ДАМУ» КӘСІПКЕРЛІКТІ ДАМЫТУ ҚОРЫ» АҚ ӨҢІРЛІК ФИЛИАЛЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:


Әріптестерімізбен бірге бұл акцияны қолдауға үлкен жауапкершілікпен қатысып отырмыз. Табиғатты қорғау бұл адамдардың алдындағы жауапкершіліктерін өсіреді деп ойлаймын.


Экоакцияға тек банк қызметкерлері емес, сондай-ақ бизнес өкілдері де қолдау көрсетті. Мыңға жуық кәсіпкер сенбілікке шығып, елорданы абаттандырды.

ҚУАНЫШ САПАРОВ, ҚАЛАЛЫҚ ИНВЕСТИЦИЯЛАР ЖӘНЕ КӘСІПКЕРЛІКТІ ДАМЫТУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:


Қаланың басқа да аудандарында сауда ұйымдары, қонақ үйлер және шағын кәсіпкерлер де сенбілікке шығып жатыр. Бұл сенбілік тұрақты негізде жалғасып отыратын болады. Біздің қала, біздің Астанамыз әрқашан таза болып, жайнап тұру керек.


Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, 400 адам саябақ іші әп-сәтте тап-тұйнақтай етті. Елдегі ең ауқымды тазалық шарасына сала мамандары одан әрі де қолдау көрсете бермек.