Футбол жанкүйерлері қақтығысып, полицейлер жарақат алды

  • AstanaTV
  • 14 сәуір 2025
  • 231
Футбол жанкүйерлері қақтығысып, полицейлер жарақат алды

Футбол жанкүйерлері қақтығысып, салдарынан полицейлер жарақат алды. Төбелес Италия чемпионатында болды. Тәртіп сақшылары тәртіпсіздіктің алдын алуға тырысқанмен, жағдай бақылаудан шығып кеткен. Спорттағы жаңалықтармен әріптесім Айбек Салдатбек таныстырады. Ал мен сіздермен қоштасам, аман-сау болыңыздар!!!

Ар ма ағайын!!! Лацио мен Рома арасындағы ойынның болғаны да, боладысы да қызық болды. Мыңдаған жанкүйер матчқа дейін де, кейін де қақтығысты. Біріне-бірі жетуге асыққаны соншалық, оларға бөгет болған тәртіп сақшыларына қолдарына түскенді лақтырған. Салдарынан 13 полицей зардап шекті. Тәртіпсіздікті тоқтату үшін суатқыштарды қолдануға тура келді. Рим дербиіндегі мұндай жағдай қала билігі мен полицейлер үшін жыл сайынғы басты проблемаға айналған.

Футболшылар баспен соқтығысып, естерін жоғалтты. Жантүршігерлік оқиға Ресейдің бірінші лигасында тіркелді. "Сокол" клубының қақпашысы мен "Родинаның" қорғаушысы әуедегі допқа талас кезінде бір-біріне баспен соғылған. Салдарынан екі футболшы естен танып, қимылсыз қалды. Оларды жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізіп, рентгенге түсірген. Қазір жарақаттың деңгейі анықталып жатыр.

Жеңістің буымен қақпашыны ұмытып, стадионда қалдырып кетті. Махачкалалық "Динамо" "Спартакты" жеңген соң қақпашы Тимур Магомедовты ұмытып кеткен. Жалғыз қалып қойған голкипер автобустың артынан, оны көрген жанкүйерлер қақпашының артынан жүгірді. Бірақ транспортқа жету мүмкін болмай, Магомедов стадионнан микроавтобуспен кетті. "Динамо" жеңіске жеткен осы ойында Тимур Магомедов үздік ойыншы атанған еді.

Норвегиялық шаңғышы жарыстағы жүлде қорына наразылық білдіріп, старттық нөмірі бар киімін өртеп жіберді. Дәлірек айтқанда жеңімпазға 200 мың норвег кроны төлену керек еді, алайда қатысушы аз болған соң әйелдер үшін сыйақы мөлшері 3 есе қысқарды. Астрид Слинд осыған наразылық білдіріп, старттық нөмірі бар манишканы өртеген. "Мәселені ертерек айту керек, дәл жарыс басталар сәтте емес" дейді спортшы.

Менде бар ақпарат ағыны осындай. Жақсылықта жүздескенше есен-сау тұрыңыздар!