Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылорда облысында мүмкіндігі шектеулі жандардың кәсіппен айналысуын қолдау үшін 9 миллион теңге қарастырылған

  • AstanaTV
  • 27 маусым 2017
  • 3361

Қызылорда облысындағы мүмкіндігі шектеулі жандардың 4 мыңы еңбекке жарамды. Оның 2 мыңы бюджеттік салада қызмет етсе, 85-і жұмыспен қамту орталықтары арқылы екі қолға бір күрек тапқан. Ал қалғандары кәсіпкерлік саласына ден қойған. Мұндай жетістікке наурыз айында қолға алынған мүгедектердің өмір сүру сапасын жақсартуға арналған 2017-2018-ші жылдарды қамтитын аймақтық "Жол картасы" бағдарламасы сеп болған. Бұл жайында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы өкілдері айтты.

Мәселен, кәсіпкер Бибайша Юсупованың бір кезде ашқан шағын тігін цехы бүгінде кеңейген. "Даму» қорына бизнес жобасын өткізіп, 300 мың теңге грант иеленген шебер өткен жылы кәсібін бастап кетіпті. Қазір ұлттық нақыштағы "қыз жасауына" өзге өңірлерден де тапсырыстың толассыз болатынын айтады. Алғашында сырқатын жеңу үшін қолға алғанын, қазір отбасын асырайтын кәсіп көзіне айналғанын жеткізді.

Бибайша Юсупова, кәсіпкер:

Ерекшелігі - барлық бұйымды қолдан жасаймыз. Оюды қолдан кесеміз, жабыстырмаймыз, бәрін оямыз, сырамыз. Біздікі ши құрақ пен сырмақ деп аталады. Мүгедек деген адамға қойылған мәңгілік мөр емес қой. Өмірге күресетін адамбыз деп ойлаймын, өз басымызды.

Айта кетейік, облыста қолға алған «Жол картасы» бағдарламасы жеті бағыттан тұрады. Оның ішінде-медициналық, кәсіби, әлеуметтік оңалту, спортқа қатысу, мәдени өмірге араласу, ақпараттандыру мәселелер бар. Бағдарламаға біршама қаражат қарастырылған. Басым бөлігі жергілікті бюджеттен бөлінеді.

Гүлшат Әбдіхалықова, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы:

2017-2018 жылдарға тоғыз миллиардтам астам қаржы қарастырылып отыр. Оның ішінде мүгедектерді жұмыспен қамту іс-шаралары қарастырылған. Сондай-ақ халықты жұмыспен қамту туралы Заңға өзгерістер енгізілуде қазіргі таңда. Осыған сәйкес 2018 жылдан бастап республикалық бюджеттен 33 кресло-арбамен жүретін мүгедектердің жүмыс орындарын субсидиялауға 4,4 миллион теңге қаржы қарастырылып отыр.

Шарипа САҚТАПОВА