Экология министрі Үкімет басшысынан көмек сұрады. Ормандағы өрт қауіпсіздігін әуеден күзетуге бөлінген қаражат жетпейді. Осы маңызды мәселені шешуге арқау болуын өтінді. Сондай-ақ, 8 өңірде өрт сөндіру станциясы тапшы. Көбінің іргетасы өткен ғасырда қаланған. Тіпті кей өңірлерде маман аз. Бұлай жалғаса берсе тілсіз жау тап берген жағдайда тосырқап қалмаймыз ба? Әріптесім Сүндет Оралбек толықтырсын.
СҮНДЕТ ОРАЛБЕК, ТІЛШІ:
Биыл жаз ыстық әрі құрғақ болады дейді синоптиктер. Бұл -орман, дала өрті өршиді деген сөз. Бірақ өңірлердің көбі тілсіз жаудың алдын алуға дайын емес. Жыл басынан бері 25 мемлекеттік орман қорында өрт шықты. 4400ден астам гектар аумақты қызыл жалын шарпыды.
10 сәуірдегі жағдай бойынша тілсіз жауды алдын-алуға Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарының орман мекемелері, сондай-ақ «Семей орманы» резерваты дайын болмады. Өңір басшыларына 700-ден астам ескерту жасалып, олқылықтың орнын толтыру үшін тапсырма берілді.
ЕРЛАН НЫСАНБАЕВ, ҚР ЭКОЛОГИЯ ЖӘНЕ ТАБИҒИ РЕСУРСТАР МИНИСТРІ:
Облыс әкімдіктері дала өрттерінің алдын алу және жою, орман шаруашылықтарының күштері мен құралдарын толық жауынгерлік әзірлікке келтіру жөнінде жан-жақты шаралар қабылдауы қажет. Қазгидрометтің болжамы бойынша, биылғы жаз өте ыстық болады. Облыс әкімдіктері ормандарда өрт қауіпсіздігін сақтау бойынша барлық шараларды қабылдауы қажет.
Қызыл жалынды дер кезінде анықтамау салдарынан орманды, далалы жерлерде өрт өршіп, дес бермей кетеді. Бұған дейін Семей мен Қостанайда болған төтенше жағдай соның дәлелі. Бүгінде елімізде 13 млн 900 гектар орман алқабы бар болса, соның 1млн 300 гектары ғана өртті ерте анықтау жүйелерімен қамтылған. Табиғат тарпаң мінез танытқан жағдайда тосырқап қалмас үшін жауапты ведомства биыл 5,6 млн гектар алқапқа тілсіз жауды анықтайтын жүйені енгізбек.
ЕРЛАН НЫСАНБАЕВ, ҚР ЭКОЛОГИЯ ЖӘНЕ ТАБИҒИ РЕСУРСТАР МИНИСТРІ:
Биыл бюджет есебінен «Семей орманы» резерватында 600 мың гектар қамтитын жүйе орнатылады. «Семей орманы» резерватынан басқа, 23 орман шаруашылығында жүйе утиль төлем есебінен енгізіледі.
Бүгінде цифрлық технологиялардың көмегімен өрт болуы мүмкін жердегі ең ыстық нүктелерді бақылау арқылы өрт қауіпсіздігінің беталысын болжау тәсілі сынақтан өтіп жатыр.
ЖАСЛАН МӘДИЕВ, ҚР ЦИФРЛЫҚ ДАМУ, ИННОВАЦИЯЛАР ЖӘНЕ АЭРОҒАРЫШ ӨНЕРКӘСІБІ МИНИСТРІ:
Температурасы қалыптан тыс жоғары аймақтар спутник арқылы тіркеліп, жерүсті станциясына беріледі және 2–4 сағат ішінде картада көрсетіледі. Қазіргі таңда Экология және Төтенше жағдайлар министрліктері бұл карталарға mchs.gharysh.kz геоақпараттық жүйесінде және Tabigat.gov.kz ақпараттық жүйесінде қол жеткізіп отыр. Көрсету уақытын 30 минутқа дейін қысқарту үшін шілде айында жерүсті станциясын жаңғырту жоспарлануда.
Орманды алқаптарда тілсіз жау тұтана қалса, оны ауыздықтау қиынға соғады. Осы мақсатта Үкімет басшысы жауапты ведомстваларға мамыр айының соңына дейін өртке қарсы республикалық командалық штабтық оқу-жаттығуларын өткізуді тапсырды. Тілсіз жауға тосқауыл болу үшін авиацияны пайдалану мәселесін көтерді.
ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
Өрт қаупі жоғары өңірлерде мемлекеттік авиацияның өрт сөндіруге арналған тікұшақтарының кезекшілігін ұйымдастыру мәселесін қараңыздар. Орман алқаптары мен ашық жерлерді шолып шығу үшін пилотсыз ұшатын аппараттарды пайдалану керек.
Үкіметте көтерілген мәселе бұл ғана емес. Су тасқыны да сөз болды. Маусым басталғалы өңірлерде 590 шақырым қорғаныс бөгеттері, 164 шақырым дренаж жүйесі жөнделіп, 658 шақырым каналдар мен арықтар тұрғызылды. Өзен арналарындағы 360 шақырым жағалау бекітіліп, түбін тереңдету жұмыстары жүргізілді, 190 шақырым өзен аумағы тазартылды.
КЕГЕН ТҰРСЫНБАЕВ, ҚР ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ВИЦЕ-МИНИСТРІ:
Су тасқыны кезеңі басталғаннан бері елде шамамен 4,3 млн текше метр су сорылды, алты жүз мыңнан астам құм салынған қап төселіп, сегіз жүз шақырымнан астам арық тазартылды. Алдын ала 383 адам эвакуацияланды. 51 мыңнан астам мал қауіпсіз орындарға айдалды, барлығы кері қайтарылды. Автомобиль жолдарын су шайған 176 жағдай мен су жырып өткен 25 учаске тіркелді.
Қазір өңірлерде жағдай тұрақты. Дегенмен, Ақмола облысында ай басында күрделі жағдай қалыптасқан еді. 100-ден астам үйді су шайып кетті. Қазір қауіп сейілді. Үкімет басшысы жұмысты сапасыз жүргізді деп жауаптыларды айыптады. Марат Ахметжановқа жоспарды қайта қарап, барлық қажетті жұмысты іске асыруды, баспанасы суда қалғандар тұрғындарға көмек көрсетуді тапсырды.
ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
Макинск қаласына да су жайылды. Жергілікті билік қажетті шараларды уақтылы қабылдамаған. Өңірде дәл осы елді мекендерді жыл сайын су басады, демек Ақмола облысындағы қабылданып жатқан шаралар тиімсіз.
Ақтөбе, Атырау, БҚО, Қостанай облыстарында дер кезінде қабылданған шаралар су тасқыны мен шығындардың алдын алуға мүмкіндік берді. Дегенмен, Солтүстік Қазақстан облысында Есіл өзенінде су деңгейі көтеріледі деп болжанып отыр. Шығыс Қазақстан облысының таулы аудандарында әлі де 50 пайызға жуық қар жатыр. Премьер-министр жауапты ведомстволар мен атқарушы органдарға жағдайды барынша бақылауға алып, мониторинг жүргізуді тапсырды. 5 түрлі тапсырма жүктеді.