Русский Сайттың толық нұсқасы

Шығыс Қазақстан облысының Аягөз аудандық ішкі істер бөлімінде көлік жүргізушісі жан тапсырды

  • AstanaTV
  • 26 маусым 2017
  • 4574

Автокөлік жүргізушісі Аягөз аудандық ішкі істер бөлімінде жан тапсырды. Шығыс Қазақстан облыстық ішкі істер департаменті оның соққының салдарынан көз жұмуы мүмкін деген болжамды жоққа шығарды.

Тергеу мәліметтеріне сүйенсек, 18-інші маусым күні полицейлер жол жүру ережесін бұзғаны үшін Рақымберді Қыдырмолдинді тоқтатқан. Алайда, ол ережеге сай жүргенін алға тартып, бейнежазбаны көрсетуді сұрайды. Полицейлер мен жүргізуші аудандық ішкі істер бөліміне барады. 53 жастағы тұрғын бейнежазбаны көргеннен кейін қарсы бағытқа шығып кеткенін мойындап, түсініктеме жазуға келіседі. Бірақ, ол аяқ астынан өзін жайсыз сезініп, есінен айрылған. Құқық қорғаушылар жедел жәрдем шақырған. Дегенмен ақхалаттылар Рақымберді Қыдырмолдинге көмектесе алмайды. Ол есін жимастан, жүрек талмасынан қайтыс болып кеткен. Сот-медициналық сараптама қорытындысы көрсеткендей, көлік жүргізушісі жүректің ишемиялық ауруымен ауырған екен. Оның өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Қазір қызметтік тексеріс жүріп жатыр.

Дулат Қазақбаев, Шығыс Қазақстан облыстық ІІД жергілікті полиция қызметінің бастығы:

Арнайы мамандар мен прокурор оның денесінде соққы іздері бар-жоғын қарап шықты. Ешқандай соққы белгілері табылмады. Оның жүректің ишемиялық аурымен ауырғандығы туралы сот-медициналық сараптама анықтамасы жіберілді. Марқұм жүрегі ауыратындардың есебінде тұрған. Осындай жағдай болды. Ішкі істер департаментінің басшылығы атынан оның жақындары мен туыстарына көңіл айтамыз.