Көпқабатты
үйдің жертөлесінде саңырауқұлақ өсіріп, халықты улаған кәсіпкердің ісіне нүкте
қойылды. «Көкжиек» ықшам ауданының тұрғындарын алаңдатқан мәселе осыдан екі жыл
бұрын басталған.
Қала тұрғыны Айқан Есжанованың айтуынша, 2015 жылы Алексей
Чернобиль есімді кәсіпкер алты қабатты үйдің 400 шаршы метрді алып жатқан
жертөлесіне саңырауқұлақ шаруашылығын жүргізуді бастаған. "Содан бері
тынысымыз тарылып, улы иіске тұншыға бастадық" дейді. Тіпті жылыжайдан
шығатын иіс ауланы жайлаған. Салдарынан аллергиялық аурулар көбейген. "Көкжиектің"
тұғындары өз аулаларында кәсіпкермен бірге кішігірім митинг өткізіп, тиісті
мекемелерге де шағым түсірген. Алайда, жертөлені жекешелендіріп алған
кәсіпкерге ешкімнің тісі батпады ма, мәселе шешімін таппады. Денсаулығына алаңдаған тұрғындар жыл басында бас партияның қалалық
филиалынан көмек сұрады. "Нұр Отан" партиясының араласуымен жуырда
кәсіпкердің ісіне тыйым салынды. Жертөле саңырауқұлақ қалдықтарынан толықтай
тазартылды.
Айқан Есжанова, қала тұрғыны:
Балаларымыз аллергия болып, үлкен кісілер демікпе ауруына шалдығып, үлкен қиыншылықтар көрдік. Жаман сасық иіс келеді. Содан баратын жердің бәріне бардық. Санэпидке, КСК-ға, сотқа да жаздық. Ең соңында «Нұр Отанның» араласуымен мәселеміз шешіліп, «уф» деп, демімізді алдық.
Алмажан Бақтұразова, «Нұр Отан» партиясы Алматы қалалық филиалының қоғамдық қабылдау бөлімінің меңгерушісі:
«Көкжиек» тұрғындары 2 жылдан бері осы
мәселемен арпалысып келеді екен. Әбден
қажыған олар партияның қалалық филиалының қоғамдық қабылдау бөліміне келді. Біз
бұл мәселені ести сала, іске атқарушы мемлекеттік орган мен құқық қорғау
мекемелерін жұмылдырдық. Қазір аталған мәселе оңтайлы шешімін тауып, жертөле
саңырауқұлақтан толықтай тазартылды. Жалпы жыл басынан бері қоғамдық қабылдау
бөліміне қала тұрғындарынан 2500 өтініш түсті. Оның 25-і тиісті шешімін тапты.