Русский Сайттың толық нұсқасы

Венгриялық мұнай компаниясы Қазақстандық нарыққа қосымша 250 миллион доллар инвестиция құюы мүмкін

  • AstanaTV
  • 27 маусым 2017
  • 2760

Венгриялық МОЛ мұнай-газ компаниясы Қазақстан нарығына 250 миллион доллар инвестиция құюы мүмкін. Бұл туралы біздің арнаға берген сұхбатында Венгрия сыртқы істер министрі Петер Сийярто айтты. Бұдан бөлек, «Eximbank» банкі екі елдің кәсіпкерлері өзара байланыс орнатып несие алуы үшін 255 миллион еуро бөлген. Қос мемлекеттің экономикалық байланысы туралы Айбек Қосан баяндайды.

Петер Сийярто Сыртқы істер министрі ретінде Қазақстанға осымен төртінші рет келіп отыр. Әр іссапары барысында жаңа ғимараттардың бой көтеріп, жолдардың жаңаруымен қатар екі ел байланысының да жаңа деңгейге көтерілгенін байқадым,- дейді ол. Қазір біздің елде бірлескен 50 жоба іске асып жатыр. Мажарлықтар бұл көрсеткішті жақсартуды жоспарлап отыр.

Петер Сийярто, Венгрия Республикасының сыртқы істер министрі:

Энегргетика саласында венгрлық тараптан MOL Group-пен, қытай тарапынан FIOC-SINOPEC және «ҚазМұнайГаз» компаниясымен келісім бар. Біз алдағы уақытта суды тазартатын технологияны Қазақстанға әкелмекпіз. Егер старт-ап жобаларымызға инвестор тапсақ, олардың саны да көбейеді.

Мажар павильонының комиссары Нандор Картесидің айтуынша, көрмеге қойылған соңғы жетістіктер қазақ жерінде ойлап табылған. Бұл ортақ кәсіпорындардың арқасында іске асырылған көрінеді. Павильонның басты концепциясы - тіршілік ағашының өзі болашақ энергиясының бір көзі.

Нандор Картеси, Венгрия павильонының комиссары:

Павильонды құру жұмытары жарты жыл бұрын басталған. Идея авторы фотосинтезді зерттеп жүрген профессорға тиесілі. Ғалымдарды көрмені жасақтауға шақырдық. Көптеген жабдықтар қазақ жерінде біздің әріптестердің көмегімен жасалған. Венгриядан біз демеушілер мен фотосинтез голографиясы бар құрылғыны алып келдік. 

Венгрия ядролық мемлекеттер санатына жатады. Елдегі электр қуатының 43 пайызы осы ядролық технологиямен өндіріледі. Петер Сийяртоның айтуынша, қазір тағы бір атом электр станциясы салынып жатыр. Егер ол сәтті іске қосылса, энергия көлемі 70 пайызға дейін артады. Дегенмен, мұнай саласы тартымды салалардың бірі болып қала бермек,-дейді министр. 

Петер Сийярто, Венгрия Республикасының сыртқы істер министрі:

Венгрлік MOL Қазақстанның карбон-гидрат өнеркәсібіне 200 миллион доллар инвестиция құйған. Егер биыл Федоровский блогындағы кен орны игеріле бастаса, олар 250 миллион доллар көлемінде қосымша қаражат құюы мүмкін. 

Қазақстан-Венгрия қарым-қатынасының оң бағытта өрбіп келе жатқанына биыл 25 жыл. Осы уақыт аралығында қос мемлекет маңызды серіктес атанды. Ал тауар айналымы өткен жылы 188,7 миллион долларды құраған.

Айбек ҚОСАН