Русский Сайттың толық нұсқасы

Астанаға көктем кеш келеді

  • AstanaTV
  • 24 наурыз 2016
  • 7318

Көктемнің алғашқы айы да бітуге жақын. Алайда, жаймашуақ ауа райын арқа төсіндегі жамағат әлі де сезіне алмай отыр. Қар аралас жаңбыр жауғандықтан, Елорда көшелерін көк мұз басқан. Бұл тұрғындарды таң сәріден-ақ әуреге салды. Санаулы сағаттарда қала көшелерінде жол апаты жиіледі. Аяқ-қолы сынып ауруханаға түскендер саны күрт артқан. Өзге аймақтарда да ахуал оңып тұрған жоқ. Ақтөбеде коммуналдық қызмет қалың жауған қарды шығара алмай әлекке түскен. Ал солтүстікте қарлы боран басылмай тұр.

Айнала көк мұз. Таңертең жұмысына немесе сабағына асыққандар тайып құлап жарақат алған тұрғындардың қатары артқан. Травматология бекетіне жеткізілгендер екі есеге көбейді. Дәрігерлер жедел жәрдемге жүгінген жұрттың 80 пайызы көктайғақтың кесірінен осындай күйге түскенін айтуда.

Александр Патогин, травматолог-дәрігер:

Жай күндері 30 науқас келсе, бүгін таңертеңнен бері 60-тан аса адам түсті. Тұрғындардың өкшесі биік және табаны тайғақ аяқ-киім кимегені абзал екенін ескерткіміз келеді.

Сондай-ақ, Астанада көктайғақтың кесірінен үш жарым сағаттың ішінде 30 көлік апаты тіркелген. Ал бір тәулікте 53 жол-көлік оқиғасы орын алды.

Әсет Байтіленов, Астана қаласы ЖПП полкінің кезекші бөлім басшысы:

Жүргізушілерді жолда абай болуға шақырамыз. Күндіз жылы болғанымен, түнде тас жолдың үсті қатып жатыр. Әсіресе, Астана тұрғындары көлік дөңгелегін жаздыққа ауыстыруға асықпасын. 

Ал Ақтөбедегі коммуналдық қызмет өкілдері мереке күндері жауған қалың қарды шығарумен әуре. Қала көшелерінде 30 бригада жұмыс істеп жатыр. Оның жиырмасы күндіз, он бригада түн мезгілінде жолдарды тынымсыз тазалап жатыр. 150-ден астам техника жұмылдырылған.

Жомарт Бақыткелді, Ақтөбе қаласы ТКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары ММ басшысының орынбасары:

Биылғы жылы үш есе көп деп айтсақ, өтірік болмас. Себебі былтырғы жылы біздер тек қана бір қар полигонын пайдалансақ, биылғы жылы үш қар полигонын толтырып, қосымша тағы жерлер қарастырдық. Қар төгу аумақтары орналастырылды.

Ал Солтүстік Қазақстанда боран басылмай тұр. Желдің жылдамдығы секундына 22 метрге жетіп, аймақтағы барлық автожолдар жабылған. Өңірде 10 арнайы штаб құрылды. Соңғы 5 тәулікте 509 көлік қар құрсауынан шығарылып, бір мыңға жуық адам құтқарылды. Синоптиктердің болжамы да көңіл көншітпейді. Еліміздің басым бөлігінде жауын-шашын, көктайғақ болып, тұман түсуі ықтимал. Кей жерлерде желдің күшеюі мүмкін.

Зайна Күлжабаева, «Қазгидромет» РМК инженер-синоптигі:

Қазақстан территориясының көптеген аймақтарында «Оңтүстік» циклонның шығуымен байланысты тұрақсыз ауа райы сақталады. Шығыс Қазақстанда 3 күн бойы, солтүстікте және орталықта ертең және 26 наурыз күні батыста көктайғақ күтіледі.

Төтенше жағдайлар комитетінің ақпаратынша, қазіргі кезде көктайғақтық кесірінен Қостанай облысының Ақмола облысының шекарасына дейінгі тас жол, Ақтөбе облысының Қандыағаш аймағындағы тас жол жабық. Сонымен қатар, Алматы тауларында қар көшкіні жүруі мүмкін.

Берік ХАСЕНОВ