Русский Сайттың толық нұсқасы

Бүгін елде Сенат депутаттарының сайлауы өтіп жатыр

  • AstanaTV
  • 28 маусым 2017
  • 3830

Бүгін елде Сенат депутаттарының сайлауы өтіп жатыр. Мерзімі бітуге жақындаған жоғары палата өкілдерінің 16 депутаты қайта сайланады. Әріптесім Дәуренбек Бақдәулет таңнан бері Орталық сайлау комиссиясында жүр. Дәуренбек, сайлау науқаны қалай өтті?

Дәуренбек Бақдәулет, тілші:

Ия, Ләйлә, ОСК мәліметінше, Астана мен Алматы қалалары және облыстардағы сайлаушылардың келуі  98,3 % құраған. Ал Ата заңға сай сайлаушылар үлесі 50 пайыздан артық болуы тиіс. Қазірдің өзінде Сенат депутаттығына кандидаттарды сайлауда дауыс берудің алдын ала қорытындылары жария болды. 

Сайлауда көп дауыс жинаған облыс әкімдерінің орынбасарлары. Олар Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл облысының кандидаттары. Орал қаласының әкімі де көп дауыс жинағандардың қатарында. Солтүстік Қазақстан облысының бұрынғы облыс әкімі Ерік Сұлтанов та мәслихат депутаттарының қолдауына ие болған. Арасында сенаторлар да бар. Ол Қызылорда облысынан сайланған Мұрат Бақтиярұлы, Алматы облысынан Нұрлан Қылышбаев, Қостанйдан Жеңіс Нұрғалиев, Маңғыстаудан Бақтыбай Шелпеков. Алматы мен Астанадан сайланғандарды есептегенде, барлығы 70 пайыздан кем дауыс жинамаған.

Шетелден келген 54 халықаралық бақылаушы ешқандай заңбұзушылықтар тіркелмегенін айтты.  

Виктор Гуминский, ТМД атынан ұсынылған халықаралық байқаушы:

Барлығы да заң аясында бір демде басталып, өтіп жатыр. Біз өз жұмысымыз аясында соңына дейін сайлау барысының өтуін қадағалап, барынша ашық болуын бақылаймыз. Негізгі тапсырмамыз осы - жұмыс барысын байқау. Кейін жұмыс қорытындысы бойынша өз шешімімізді шығаратын боламыз.

Сенат депутаттығына 16 кандидат сайланады. Ол орынға 38 үміткер таласқан болатын. Ресми дерекке сәйкес, 3293 адам дауыс беруге құқылы. Олар барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары. Сайлаушылардың 333-і Алматы облысынан. Одан кейінгі орындарда Шығыс және Оңтүстік Қазақстан облыстары тұр. Дауыс берушілер саны 318 және 312 адам. Астанадан 25, Алматыда 36 мәслихат депутаты таңдау жасайды. Бұл 6 жылға сайланған сенат депутаттарының бірқатарының өкілеттік мерзімі аяқтаулына орай өткен жанама сайлау.

Константин Петров, ҚР ОСК мүшесі:

Конституция бойынша ОСК сайлау қортындысын 1 аптаның ішінде шығаруға құқылы, алайда, біз барлық 16 өңірдің сайлау учаскелеріндегі хаттамаларды жинап алған соң, соның нәтижесімен көпке созбай, 1-2 күн ішінде жариялаймыз. Тіпті дауыс беру барысын қазірден-ақ сайлау комисиясының ресми сайтында білуге болады.

Орталық сайлау комиссиясы сайлаушыларды электрондық тізімге көшіруді жоспарлап отыр. Қазір елімізде аталмыш жүйенің пилоттық жобасы іске асып келеді екен. Жобаны әзірге тек сайлау құқығына ие мәслихат депутаттары пайдалана алады. Бұл жүйеге қазір барлық кандидаттардың тізімі енгізілген. Бүгін операторлар логин және парольдің көмегімен Орталық сайлау комисиясының сайтына кіріп, электронды форматта сайлаушылардың тізімін құрды. Халықаралық бақылаушылар Қазақстанның бұл қадамына да жоғары баға беріп отыр

Виктор Гуминский, ТМД атынан ұсынылған халықаралық байқаушы:

Бұл өте атап өтетін жәйттардың бірі. Нағыз ноу-хау. ОСК онлайн режимде барлық 14 облыс пен Алматы және Астана сынды қалалардағы сайлау пункттерін бақылап отыра алады. Бұл ақпаратқа жедел қол жеткізуге мүмкіндік береді. Бұрынғыдай хаттама толтырып, одан оны тағы біреуге беріп жату сынды машақаттан құтылады.

Дәуренбек Бақдәулет, тілші:

Естеріңізге сала кетейін, бұл алдын ала болжамды көрсеткіш, нақты ақпарат 2 күн ішінде жария болады. Ал, сайлаудың бюджетіне келер болсақ, барлық жұмысқа үкімет қазынасынан тура 92 млн теңге бөлініпті.  Ақпараттар реті осындай.