Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматы іргесінде заңсыз деп табылған үйлер сүрілуі мүмкін

  • AstanaTV
  • 18 шілде 2017
  • 3987

Алматының іргесіндегі ауылда жер дауы басылар емес. Бес жыл бұрын ауылшаруашылық мақсатындағы жер телімдері бейберекет сатылған. Ол кезде бәріне көз жұмған жергілікті билік енді жер телімдерін босатуды талап етіп отыр. Айтуларынша, бұл үйлер қала сыртындағы жол инфрақұрылымын дамытуға кедергі келтірген. Жүздеген үйдің тиісті құжаттары да рәсімделмепті.

Алматы облысындағы Кемертоған ауылында 600-дей үй заңсыз салынған. Ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлер бөлініп саудаланып жатқанда, жергілікті биліктің қайда қарағаны белгісіз. Енді ауылдық маңызы бар жолды кеңейту үшін жүздеген үй сүріліп кетуі мүмкін.

«Алтын Орда» базарына іргелес аумақты жеке қожалықтар ауылшаруашылық мақсатында пайдалануы керек еді. Алайда 2011 жылдан бастап бұл жерлер 10 сотықтан бөлініп, кім көрінгенге сатылған. Құны шамамен 15 мың доллар көлемінде бағаланыпты. Осындай жолмен 600 жер телімі саудаланып, тұрғындар шама-шарқынша үй салып алған. Енді жердің мақсатты пайдалану құқығын өзгетуге өтініш жазғандар қарсы жауап алып жатыр.

Өміржан Әбдіхалық, тұрғын:

Жеріңіз қызыл сызыққа түсіп тұр дейді. Сосын енді "Қандай қызыл сызық?" деп сұрасақ, оны ешкім түсіндірмейді. Сосын жаңағы архитектор қайта сөйлескенде айтады, мәселен, біздің жерімізден айтады 5 метр жер бересіз дейді. Бірақ 5 метр жерді сұрайды. Бірақ оны не үшін?

Бауыржан Мұстафаев, тұрғын:

Менің учаскімнің 2 жағынан да жолға түсіріп отыр. Ал менікі енді бір шеті түссе де, ана көршілерімдікі үйлерінің үстінен кесіп отыр. 30 метр жол. Ал 30 метр жол келеді де,  ана үйлердің үстіне барып тақалады да, ол үйлер документ жасап қойған екен. Соны енді бір жағынан қарасаң, алалап жатқан сияқты да. Бізге документ бермеген, аналарда документ бар.  

Аумағында жаппай жүріп жатқан құрылысты тоқтатуға ауылдық округтің әкімі де әрекеттенбеген сыңайлы. Шенеуніктер бағаналарға ескерту парақшаларын ілумен шектелген.  Былтыр облыстық мәслихаттың шешімімен ауданның бас жоспарында бұл жерлер ауыл аумағына кіргізілген. Сол жоспардың аясында көшелер кеңейтіліп, оған сәйкес келмейтін үйлер сүрілуі тиіс.

Ермұхан Дарышев, Алматы облысы Қарасай ауданы сәулет басқармасының бас маманы:

Біздің ауданға бірнеше млрд ақша берді. Сонымен 1 жылда 45 ауылға бас жоспары жасап шықтық. Бұрынғы генплан бойынша 211 үй қызыл сызыққа түскен. Одан жаңа бас жоспар бойынша корректировка жасалып, 125 үй қызыл сызықты қалды.

Кемертоғанда 125 үйдің тағыдыры қыл үстінде тұр. Келесі жылы республикалық маңызы бар БАКАД айналма жолының құрылысы басталады. Жергілікті билік сол кезге дейін бұл баспаналардың мәселесін біржақты етуі тиіс. Ал тұрғындар заңгер жалдап, істі сотқа бермекші. Сол кезде мемлекеттің жерін талан-таражға салған алаяқтардың есімі анықталып, заңсыз жер үшін төлеген қаржаттарын қайтарып аламыз ба деп үміттенеді.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ