Ақтөбеде
дүлей дауылдан пәтерлері қираған тұрғындар жергілікті биліктен жаңа баспана
беруді талап етуде. Күні кеше екпінді жел, бар-жоғы 10 минутта талдарды
құлатып, шатырларды жұлып әкеткен еді. Шаһардың шетіндегі жаңа ауданда құрылыс
басындағы екі кран құлап, тұрғын үйдің үш балконын қиратты. Абырой болғанда,
адамдар аман. Енді тұрғындар шығынді кім, қалай өтеп береді деген сауалмен бас
қатыруда. Ал, әкімдікке дауыл зардабы
туралы 20-дан аса арыз келіп түскен.
Жақсыбек
Кемал, тілші:
Ақтөбеліктер шілденің шілінгір ыстық күнінде табиғаттың
мұндай тосын мінезін күтпеген. Соңғы күндері аптап ыстық орын алған еді.
Әп-сәтте бұршақ аралас жаңбыр жауып, артынан қатты жел тұрған. Қала халқы
әбігерге түсті.
Шатырлар
мен көше бойындағы талдар құлады, көліктерге зақым келді. Құлаған құрылыс краны
2012-інші жылы пайдалануға берілген үйдің үш балконын жұлып әкетті. Тұрғындар
әлі күнге дейін үйлеріне кіруге қорқып жүр. Айсұлу Жолдыбаева 8-інші қабатта
тұрады. Баспанасын несиеге алған. Ол пәтеріміздің орнына жаңа үйден баспана
берсін деп талап етуде.
Айсұлу Жолдыбаева, бүлінген үйдің тұрғыны:
Балаларым қаңғып жүр, өзім қаңғып жүрмін. Жолдасым вахтада. Осылай жүре беремін бе сонда? Бізге застройщиктер мына негодный дом, біздер 4 баламен қай күні құлап қалады деп отыра алмаймын. Сондықтан маған дұрыс үй берсін!
Қазір құрылыс компаниясының қызметкерлері қираған балкондардың орнын тазартуда. Олар ғимараттың бүлінген бөлігін түгелдей жөндеп беруге дайынбыз дейді.
Серік Сәтенов, «Ақтөбе-сәулет» ЖШС прорабы:
Қалаймыз, жаңартамыз бәрін. -Бір балконға қанша кетеді шамамен? -Оны білмейміз, организациядан ғой шығын бәрі өзімізден. Стройматериал өзімізден болады бәрі.
Тұрғындар бір тәуліктен бері комиссия өкілдері келіп, шығынды есептемей жатқанына ашулы. Шаһар басшылығы болса, бұл жұмыстар біраз уақыт алатынын, сондықтан асықпау қажеттігін ескертеді. Айтуларынша, 5 нысан бүлінген, қала тұрғындарынан 21 арыз келіп түскен. Енді олардың бәрін мамандар зерттеп, қорытындысын шығармақ. Шығын көлемі комиссия жұмысынан соң ғана белгілі болады.
Нағымжан Алдияров, Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары:
Бұзылған балкондар бойынша акт толтырылды. Жаңа пәтерлер беру бойынша сұрақ көтерілмеді. Қазір қалпына келтіру жұмыстарын жүргізудеміз. Сметалық құжаттар дайындалуда. Мамандар қорытындысы бойынша балконды қалпына келтіреміз.
Жақсыбек Кемал, тілші:
Бір
анығы, қала тұрғындары дауыл туралы алдын ала хабарлама алмаған. Себебі желдің
жылдамдығы секундына 18 метр деп болжанған. Ал кеше кей жерлерде ол 25-30
метрге жеткен. Қазгидромет мамандарының айтуынша, жаңбырмен келген салқын ауа
мен жердегі ыссы ауаның қосылуынан жел күші артқан. Ал алдағы күндерге қатты
дауыл болады деп болжанып отырған жоқ.
Жақсыбек КЕМАЛ