Русский Сайттың толық нұсқасы

Шымкентте апатты жағдайдағы ғимаратта болған өрттен өрт сөндіруші зардап шекті

  • AstanaTV
  • 05 шілде 2017
  • 3075

Шымкенттік дәрігерлер өрт сөндірушінің өмірі үшін күресуде. Ол Қазбек би көшесіндегі бос тұрған нысанда болған оқыс оқиғада зардап шекті. Адвокаттық кеңсе мен аудандық әкімдік орналасқан ғимарат үш жыл бұрын ғимарат апатты деп танылған екен. Жалынды сөндіру барысында құрылыстың бір бөлігі опырылып құлаған. 35 жастағы өрт сөндіруші  үйінді астында қалып қояды. Дереу құтқарылған азамат ауруханаға жеткізілген.

Нұрлыбек Паметов, Шымкент қалалық ЖМЖА дәрігері:

Жамбас сүйегінің сынуы, кеуде жарақаты және сол қолында күйген жарақаттар. Қазір хал-жағдайын жақсарту мақсатында ем-шара жүргізіліп жатыр.

Облыстық төтенше жағдайлар қызметінің ақпарынша, басқа зардап шеккендер жоқ. Жалынды ауыздықтауға екі сағаттай уақыт кетті, - дейді ведомство өкілдері.  Өрттің шығу себебін анықтау үшін, оқиға орнында арнайы комиссия жұмысқа кіріскен. Өткен ғасырдың 40-шы жылдары салынған ғимараттың әбден тозығы жеткен екен.

Зарипа Тұрысбекова, ОҚО ТЖД бас маманы:

2014 жылы осы ғимарат толығымен апатты деп танылып, ғимаратта қызмет атқаратын барлық адамдар көшірілген. Өрттің жалпы көлемі 517 шаршы метрді құрайды. Жұмыстарды жүргізу кезінде ғимараттың бір бөлігі опырылып құлаған. Оның көлемі 169 шаршы метрді құрайды.

Сондай-ақ, облыстың Манкент ауылында ірі өрт оқиғасы тіркелді. Жергілікті автотұрақта бір уақытта 10 жүк көлігі отқа оранған. Алдын ала болжам бойынша, зардап шеккендер жоқ. Оқиғаның мән-жайын сараптау тобы анықтауға кіріскен.

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ