"Нұр жолы" мен "Қорғас" өткізу пункттері 2026 жылдың жазына дейін тәулік бойы жұмыс істейді

  • AstanaTV
  • 27 мамыр 2025
  • 91
"Нұр жолы" мен "Қорғас" өткізу пункттері 2026 жылдың жазына дейін тәулік бойы жұмыс істейді

Қазақстан мен Қытай шекарасындағы автокөліктердің үлкен кезегі мәселесін шешу үшін екі елдің делегациясы "Нұр Жолы" (ҚР) – "Қорғас" (ҚХР) өткізу пункттеріне бірлескен сапар өткізді, деп хабарлайды Мемлекеттік кірістер комитетіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

Ведомствоның баспасөз қызметінің хабарлауынша, сапар барысында делегация басшылары келесі нақты шешімдерді қабылдап, уағдаластық жасады:

"Нұр Жолы" – "Қорғас" өткізу пункттерінің тәулік бойы жұмыс істеу режимін 2026 жылғы 30 маусымға дейін ұзарту;

Қытай тарабының Қазақстаннан келетін автокөлік құралдарын қабылдау көлемін ұлғайту:

"Нұр Жолы" өткізу пункті арқылы – қазіргі таңда тәулігіне 650 автокөлік қабылданып жатыр, 1 шілдеден бастап бұл көрсеткіш 750 болады, ал қыркүйек айында – 1000-ға дейін арттырылады;

"Қалжат" өткізу пункті арқылы – тәулігіне 130-дан 250-ге дейін артты, маусым айында 300-ге дейін ұлғайтылады;

2025 жылғы мамыр айының соңына дейін Қытай тарабының "Дулаты" өткізу пунктінде қосымша мобильді инспекциялық-байқау кешенін (МИДК) іске қосылады;

2025 жылғы қыркүйектің соңына дейін "Қорғас" өткізу пунктінде тұрақты инспекциялық-байқау кешенін орнатылады;

Инспекциялық-байқау кешендерінің рентгендік кескіндерін өзара тану жөнінде келісімге қол жеткізілді, бұл қайталап тексеру уақытын қысқартып, шекарадан өту үдерісін жеделдетеді;

"Қорғас" пункті арқылы тасымал ағындарын оңтайлы бөлу жоспарлануда, бұл "Нұр Жолы" өткізу пунктіндегі жүктемені азайтуға және тасымал қозғалысын теңгерімді бөлуге мүмкіндік береді;

"Нұр Жолы" – "Қорғас" өткізу пункттерінде қозғалыс жолақтары мен шекаралық көпірді кеңейту мәселесі екі тараппен бірлесіп қаралуда;

Шекара маңындағы кеден қызметтері деңгейінде ай сайынғы отырыстар және Қазақстан-Қытай кеден органдарының үйлестірушілерінің тоқсан сайынғы кездесулерін өткізу келісілді.

Айта кету керек, Қазақстан мен Қытай үнемі өзара іс-қимыл жүргізіп келеді. Бірлескен шаралардың нәтижесінде Қытаймен шекарадағы өткізу қабілеті 2023 жылы 202 мыңнан 429 мың автокөлік құралына дейін (112 пайыз), 2024 жылы 429 мыңнан 734 мыңға дейін (71 пайыз) артты. 2025 жылдың алғашқы 4 айында 238,5 мың АТС қозғалысы тіркеліп, 41 пайызға өсім көрсетілді.

Мемлекеттік кірістер комитетінің хабарлауынша, барлық шара екі ел арасындағы тауар айналымын және транзиттік әлеуетті одан әрі ұлғайтуға, сондай-ақ екі бағыт бойынша кезектерді едәуір қысқартуға мүмкіндік береді.