Украиналық жартылай қорғаушы Евгений Макаренко қазақстандық «Ордабасы» клубына қатысты УЕФА-ға шағым түсірді, деп хабарлайды Sports.kz.
Бұл туралы футболдан Қазақстан құрамасының баспасөз қызметінің өкілі Ермұхамед Мәулен YouTube-тегі Fonteam арнасының подкастында айтты.
Мәуленнің айтуынша, клуб басшылығы футболшымен жалақы бойынша есептеспеген.
«Макаренко осы күнге дейін өз еңбекақысын алмағаны белгілі болды. Ол УЕФА-ға ресми хат жазды. Бұл – өте жағымсыз тәжірибе. Клуб бұл мәселе жайлы біледі, бірақ оны шешуге еш әрекет жасамай отыр. Көбінесе басшылықтың ауысуын бұрынғы міндеттемелерден бас тартуға сылтау ретінде қолданады. Алайда келісімшарттар заңды күшінде қалады және бәрібір төлеуге тура келеді», – деді Мәулен.
Айта кетейік, Макаренко биылғы сәуір айында «Ордабасы» клубынан кеткен. БАҚ мәліметінше, ол команданың ең жоғары жалақы алатын ойыншысы болған.