Алматыда Халықаралық балаларды қорғау күніне орай «Балалар үні» жобасы басталды

  • AstanaTV
  • 27 мамыр 2025
  • 282
Алматыда Халықаралық балаларды қорғау күніне орай «Балалар үні» жобасы басталды

Алматыда Халықаралық балаларды қорғау күніне орай «Балалар үні» жобасы басталды. Бұл бағдарлама жасөпірімдердің идеясын қолдап, еркіндігін шыңдауға негізделген. Мәселен, №174 мектеп-гимназиясында оқушыларға арналған «Ұрпақ үні» медиастудиясы құрылған. Өз бетінше газет шығарып, подкаст жүргізетін жас тілшілермен Айдана Шалқар тілдесті.

Оқушылар жай ғана үй тапсырмасын орындап, сабақ айтумен шектелмейді. Болашақта журналист, тележүргізуші болам дейтін жасөспірімдер аптасына бір рет 4 мың оқушыға жаңалық таратады. Оған қоса, айына 2 рет «Urpaq Uni Podcast» жобасын әзірлеп, ата-аналар мен ұстаздар назарына ұсынады. Мектептің «Ұрпақ үні» деген газеті де бар. Айына бір рет 500 данамен басып шығарылады.

АРНАГҮЛ МӘЛІКОВА, №174 МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Бізде жас тілшілер көп болды, басқа газет-журналдарға жазып жүргендіктен ой келді «Неге мектептің газетін шығармасқа?». Оқушылардың өздері де ұсыныс тастады. Бұл жерде жазылған барлық мақалалар мектеп өмірінен, жалпы оқушыға қажет барлық 30 тақырыпты қамтып жазады, өз өлеңдерін шығарады.

Мектеп ішіндегі медиастудия кәсіби құралдармен жабдықталған. Мұнда нағыз тілшіге қажетті микрофон, камера, диктофон секілді техникалар бар. Оқушылар әр саладағы білікті мамандарды қонаққа шақырып, мәдени-танымдық, қоғамдағы өзекті тақырыптар төңірегінде әңгіме өрбітеді.

САЛТАНАТ ҚҰСАИНОВА, ҚАЛАЛЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ НАУРЫЗБАЙ АУДАНЫ БІЛІМ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

Жалпы осы медиа кабинеттің, медиа үйірмесінің толық жабдықталуына мектептің жан басына шаққандағы қаражатқа барлық керек-жарақ, подкаст жүргізуге, интервью алуға керек дүниелердің барлығын осы мектеп қамтамасыз еткен.

АЙДАНА ШАЛҚАР, ТІЛШІ:

Қазір менің жанымда болашақта тележурналист болғысы келетін Әбдірахман отыр. Осыдан 6 жыл бұрын мен де дәл осындай арманмен мектеп бітіргем. Ал бүгінде микрофон мен камера менің басты серігім. Қазір Әбдірахман дәл осы жерден өзі журналист ретінде стэндап түсіріп көретін болады. Әбдірахман, сөз кезегі өзіңде.

«Ұрпақ үні» газетінде 3 меншікті тілші, бір дизайнер қызмет атқарады.

Оқушылардың мақаласын сүзгіден өткізіп, өңдейтін редактор да бар. Мектеп ұжымы арманы асқақ балалардың бетінен қақпай, бұл жобанының ауқымын одан әрі кеңейтуді жоспарлап отыр.