Русский Сайттың толық нұсқасы

Қарағандыда «Астана - Қазақстанның жүрегі» арт-фестивалі өтті

  • AstanaTV
  • 06 шілде 2017
  • 2669

Қарағандыда «Астана - Қазақстанның жүрегі» арт-фестивалі өтті. Оған қаладағы өнер ұжымдары мен барлық мәдени мекемелер қатысты. Тұрғындарды өз шығармашылығымен таныстырды. Астана күніне орай орталық саябақта ұйымдастырылған шараға қалалық хайуанаттар бағы да қонаққа келді. 

Саябақтағы хайуанаттар балаларды таң қалдырса, ата-аналар бұған шын қуанды. Арт-фестивальдің қонақтары көркемсурет туындылары мен қолөнер бұйымдарын да тамашалап жүр. Бейбітшілік пен тәуелсіздікті, ұлттық салт-дәстүр мен заманауи үлгілерді ұштастырған көрме көрерменнің көңілінен шықты.

Назерке Жартын, Қарағанды қаласының тұрғыны:

Концерт, көрмелер, тіпті хайуанаттар бағы да осында келіпті. Мұнда келгеніме өте қуаныштымын. Астанамыз гүлдене берсін. Тәуелсіздігіміз нығая берсін. Елбасымыз аман болсын.

Фестивальде спортшы жастар халықаралық және ұлттық спорт түрлерін паш етті. Бұл қызықты сайысқа кез келген адамның қатысуына болады. Қала тұрғындары өзара күш сынасып, түрлі сайыстарға қатысып бағын сынауға мүмкіндік алды. Мерекелік салтанатты  шара өнерпаздардың концертіне ұласты. Жиналғандар алдында аймақ басшысы барша тұрғындарды Астана күнімен құттықтады.

Ерлан Қошанов, Қарағанды облысының әкімі:

Астанамыз қарыштап дамуда. Астана ұлтты ұйыстырған, халықты біріктіріп отырған жалпыұлттық мақтанышқа айналып отыр. Сол себепті оның туған күні - барша қазақстандықтардың мерекесі.

Сондай ақ бұл күні облыс әкімі Ерлан Қошанов Астананы салуға ат салысқан тұңғыш құрылысшылармен  және президенттің құрдастарымен кездесті. Дәстүрлі кездесу бір кездері Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев оқыған Қарағанды политехникалық университетінде өтті. Президенттің курстастары тәуелсіз елдің тұңғыш Президентіне, көшбасшы замандастарына деген лебізін айтып ағынан жарылды.

Қуаныш Омашев, Елбасының курстасы:

Ешқандай ел басқарған адам өзінің қысқа ғана өмірінде қаланы салып бітірген тарихта ондай орын алмаған. Ешкім мұндай жетістікке қол жеткізе алмаған. Бұл бірінші елбасы - біздің Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Ол кісінің парасаттылығын, ол кісінің көрегенділігін теңдесі жоқ саясаткер ретінде тағы да бір рет көрдік.

Ерлан Қошанов, Қарағанды облысының әкімі:

Бұл жерде кездесуіміз тегін емес. Бұл елбасының оқу орны. Сіздер де осы жерде оқыдыңыздар. Бізде Астана аздаған жылдарда Елбасының арқасында бүкіл әлемге мақтаныш болып отыр. Уақыт тауып келгендеріңізге рахмет.

Аймақ басшылығы президенттің құрдастары мен Астананың алғашқы құрылысшыларына алғысхаттар табыстады. Ал EXPO көрмесіне арналған билеттердің берілуі тіпті тамаша тосын сый болды. Мұндай жылы кездесулерді өткізу енді кеншілер шаһарында дәстүрге айналмақ.

Айжан ҚУАШ