Русский Сайттың толық нұсқасы

Қайта дүниеге келген жан

  • AstanaTV
  • 06 шілде 2017
  • 2752

Астанада осыдан екі жыл бұрын жүрек трансплантациясы жасалған 33 жастағы азамат тұрады. Ол Қазақстанда жүрегін ауыстырған 28-ші тұрғын. Ал 70-ке жуық адам осындай күрделі ота жасалатын күнді күтумен жүр. Кейіпкеріміздің қазіргі өмірімен тілішіміз танысып қайтқан еді.

Бала күннен-ақ бұлшық еттері ауыратын Данияр Әбдуовтің кейін жүрегі сыр бере бастаған.  Дәрігерлер осыдан 5 жыл бұрын оған Эмери Дрейфус диагнозын қойған. Бұл жүрек сырқатының сирек кездесетін түрі. Әдетте мұндай дертке шалдыққандар 28 жасқа дейін өмір сүреді екен. Ал Даниярдың жағдайын дәрігерлер ғажайыпқа балаған.

Данияр Әбдуов:

Маған жүрек трансплантациясын жасау керектігін білдім. Дәрігерден, әрі қарай қалай өмір сүрсем болады, Үміт бар ма, деп сұрадым. Маған осы дертті терең зерттеген маман кездесті, отадан кейін 50 жасқа дейін өмір сүруге болады деп үміт отын жақты.

Даниярға 41 жастағы өскемендік азаматтың жүрегі салынған. Ол биіктен құлап қаза тауыпты. Үш жарым ай бойы сәйкес донор кезікпеген жігітке, аяқ астынан марқұм болған жанның жүрегі бұйырады. Бүгінде ағзасында айтарлықтай қауіпті өзгерістердің байқалмайтынын айтады.

Данияр Әбдуов:

Мен өзімді психологиялық тұрғыда дайындадым. Жаңа салған жүрекке сен менің жүрегімсің деп ішімнен қайталай бастадым. Ең бастысы, өзіңе аяушылық білдірмеу қажет. Тек жақсы дүниелерді ойлап, сабырға келіп, әрі қарай өмір сүрген дұрыс.
 
Кейіпкеріміз өзгелер секілді толыққанды өмір сүріп жатыр. Мамандығы заңгер азамат Астанадағы шағын аудандардың бірінде пәтер иелері кооперативінің төрағасы болып жұмыс істейді. 22 жасынан бері өз ісін шебер атқарып келе жатқан Данияр Елордадағы ең жас ПИК төрағасы. Қарамағындағы 15 адаммен әрдайым тіл табысуға тырысатын жігіт бос уақытын тек жұмысқа арнайды.

Данияр Әбдуов салауатты өмір салтын берік ұстанатын жан. Жыл сайын сауықтыру орындарында тынығуды әдетке айналдырған. Айтуынша, бес жылдан кейін қайта ота жасатуы да ықтимал. Ал қазіргі таңда Алла нәсіп еткен өмірін жалғастырып, отбасын құруды мақсат етіп отыр.