Русский Сайттың толық нұсқасы

Мемлекеттік мекемелер отандық жиһаздың тек 30 пайызын сатып алады - кәсіпкерлер

  • AstanaTV
  • 10 шілде 2017
  • 2289

Қазақстандық жиһаздың 30 пайызын ғана мемлекеттік мекемелер сатып алады. Мұндай есепті тауарөндірушілердің өздері шығарған. «Астана» арнасына берген сұхбатында олар отандық нарыққа кірудің қиындықтарын айтып берді. Бұл ретте азық-түлік бағытының жағдайы тәуір. Қазірде оның отандық үлесі 50 пайызға жеткен.

Семейлік кәсіпкер Руслан Сейітханов жиһаз жасаумен айналысады. Тауардың бағасы қолжетімді - 70 мыңнан басталады. Әзірге тапсырыс негізінде ғана жұмыс істейді. Айтуынша, үлкен нарыққа шығу өте қиын. Сапа мен дизайнға келгенде отандық өнім шетелдіктен кем түспейді. Бірақ тұтынушылар әдетінше импортты таңдайды. Шындап келгенде, отандық жиһаздың құны Қытай мен Беларусь өнімінен қымбат, -дейді кәсіпкерлер. Бағаны түсіруге мүмкіндік жоқ.

Руслан Сейітханов, жиһаз өндіруші:

Біздің елде жиһаз жасауға қажет материалдарды өндіретін арнайы цехтар ашу керек. Қазір оларды шетелден алдыртамыз. Мемлекеттік тапсырыс кезінде отандық өнімге мән берілсе, біздерге ыңғайлы болар еді. Сонда біз сырттан әкелуді тоқтатып, өз өнімімізге көңіл бөлер едік. Бұл кәдімгідей қолдау болары анық.

Импорттық өнімді отандыққа алмастыруға электр-техника құрылғыларын өндірушілер де дайын. Өскемендік кәсіпорындар жылына 3 мың дана өнім шығарады. Олардың бәсекелестері әлемге танымал  - Альстом, Сименс, Шнайдер фирмалары. Тәжірибе көрсеткендей, тендерде төмен баға ұсынғандар ғана жеңіске жетеді. 

Артем Моряхин, электротехникалық өндірістің коммерциялық директоры:

Қазіргі кезде мейлінше төмен баға ұсынғандар ұтады. Әрине, төмен баға болған жерде сапаның жақсы болуы екіталай. Яғни 5-10 жыл бойы тапсырыс берушінің көңілінен шығады деу қиын.

Кәсіпкерлер биыл күшіне енген жаңа техникалық саясат қалыптасқан жағдайды өзгертеді деген сенімде. Оған сәйкес, өңірдің әрбір энергетикалық кәсіпорны арнайы аттестация мен аудиттен өтуге міндетті. Содан кейін ғана адал жабдықтаушылар тізіліміне енгізіледі. Бұл шараның қаншалықты тиімді болатынын енді өтетін тендерлер көрсетпек.

Игорь Шацкий, ШҚО кәсіпкерлер палатасының директоры:

Шетелден әкелінетін әрбір позицияны анықтап алу маңызды. Бұл ретте, біздің өнімнің мүмкіндігін көрсетіп, дәлелдеу керек. Болмағанда, бұл жағдай нарыққа шығып, белгілі бір деңгейге жеткенге дейін қолдау табуы қажет деп санаймын. 

Егер мемлекет қолдап жатса, кәсіпкерлер отандық нарықтағы импорттың 90 пайызын ығыстыруға әзір.

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ