Русский Сайттың толық нұсқасы

Түркияда қазақстандық туристер қиын жағдайға тап болды

  • AstanaTV
  • 12 шілде 2017
  • 2870

Түркияда демалып жүрген қазақстандық туристер қиын жағдайда қалды. "ELITE CLASS" туристік фирмасының банкротқа ұшырауынан жат елде жүрген 30 қазақстандық қонақ үйге жайғаса алмай қиналған. Бұл мәселені еліміздің Сыртқы істер министрлігі бақылауда ұстап отыр.  Ал, соңғы мәлімет бойынша бүгін Түркияның Алания қаласында тағы бірнеше отандасымыз осыған ұқсас жағдайға тап болған. Толығырақ келесі бейнематериалда.

Күні кеше Түркия уақытымен сағат 14:00-де «Элит класс» туристік компаниясы банкротқа ұшырағанын жариялады. Бұл Анталияда демалып жүрген отандастарымызға ауыр тиді.  Қолайсыз жағдайға тап болған жерлестеріміздің жайын естіген Қазақстан консулдығы жағдайды реттеуді қолға алды. Қонақ үй басшылары мен еліміздегі ірі туроператорлармен байланысқа шыққан. Осы мәселе бойынша жерлестеріміз тоқтаған қонақ үйге хабарласып, мән жайды сұрап білуге тырысқан едік.

Вера Дрегина, «SUENO HOTELS DELUXE BELEK»  қонақ үйінің менеджері:

Біз қонақтарды қайта шығармаймыз, ондайға бармаймыз. Туристерді кешеден бері орналастырып жатырмыз. Барлығы дұрыс. Біздің басшылықпен Қазақстан туроператорлары арасында байланыс орнап, жағдай тұрақталып келеді.

Сыртқы істер министрлігі ресми өкілінің айтуынша, көмекке келген еліміздің дипломаттары демалыстың ақысын төлеуге қаражат тапты.

Анталиядағы 30 шақты турист қазір қонақ үйге орналасқан. Қазақстандық туроператорлармен серіктес, Анталиядағы консулдықпен тығыз қарым-қатынастағы Jazz Trаvel түрік  компаниясы туристерге қолұшын берген. Дипломаттардың өтініші бойынша осы қонақ үйдің бар шығынын мойнына алып, 30 мың доллардан артық қаражат төлеген.

Әнуар Жайнақов, ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі:

Осы уақытқа дейін барлық қазақстандық туристер, оның ішінде балалар қонақ үйге орналастырылды. Олар өздерінің демалыстарын жалғастыруда. Осы жағдайды біздің консулымыз қадағалау жасап отыр.

Бұл жағдай бойынша мәдениет және спорт вице-миинстрі де мәлімдеме жасады. Оның дерегінше, 30 жерлесіміздің 8-іне кепілдікпен шығындары қайтарылған. Себебі олар Туристік қамқор корпоративтік қоры арқылы келісімшарт жасасқан. Шенеунік, келешекте адамдардың осындай қор қызметіне жүгінгені дұрыс болар еді деп, кеңес береді.

Асқар Баталов, ҚР Мәдениет және спорт вице министрі:

Қазақстандықтарға айтарымыз, келешекте шетелге демалысқа шығар алдында кіммен және қандай компаниямен келісімшартқа отырып жатқанын зерттеп біліп, келісімге отырған жөн. Келеңсіз жағдай болмас үшін, Қамқор қорымен жұмыс істейтін туроператорлармен келісімге отырсаңыздар, аталмыш жағдайдың алдын алуға кепілдік бар.

«Туристік қамқор» қоры басшысының айтуынша, ресми сайттарындағы арнайы жүйеде туристердің туркодтартары арқылы күнделікті сараптама жасап отырады. Және  жерлестеріміздің қайда орналасқанын анықтауға мүмкіндік бар. Қазір аталған қор еліміздегі 62 туроператормен бірлесе  жұмыс атқаруда. Аталмыш кепілдік жүйесі өткен жылдың 7 қарашасынан бастап қызмет көрсетіп келеді.

Асылхан Есілов, «Туристік қамқор» корпоративтік қорының директоры:

Қазақстандықтарға айтарым, егер демалыстарыңыз шетелде жақсы өтсін десеңіздер, туркомпаниялардың туристік билеттерін алатын кезде, туркодтты талап етіңіздер.

Аталмыш қордың мәліметінше, 2012 жыл мен 2015 жыл аралығында демалыс үшін шетелдерге ұшқан 12 мыңға жуық қазақстандық дәл осындай қиын жағдайға тап болған. 

Диана САПАРҚЫЗЫ