Русский Сайттың толық нұсқасы

«Астана Арланс» Қазақстан-Куба финалдық кездесуіне дайын» - Н. Ақүрпеков

  • AstanaTV
  • 12 шілде 2017
  • 2162

«Астана Арланс» Кубаға қарсы өтетін финалдық кездесуге 200 пайыз дайын. Бұл туралы клубтың бас бапкері мәлімдеді. Қазақстан-Куба финалдық кездесуі алдында, шәкірттерінің дайындығын осылай бағалаған ол 3 апталық әзірлік жұмыстары сәтімен өткенін айтады. Дайындық әлі де жалғасып жатыр, бүгінгі жаттығу «ашық есік» аясында өтті. Шешуші кездесу бүкіл әлемдік бокс сериясы аясында екі дүркін чемпионға қарсы өтеді. «Куба Домадорэс» спортшыларының шеберлігі біздің жұмыр жұдырықтыларға жақсы таныс. «Арландықтар да» жеңіс тұғырының биік сатысын екі рет бағындырған. Сондықтан бұл жолғы жеңімпаз жобаның ең беделді клубы атанатын болады.

Нұрлан Ақүрпеков, «Астана Арланс» клубының бас бапкері:

Жалпы, жігіттердің барлығы атқан оқтай дайын тұр. Барлығымен жеке-жеке сөйлестім, ешбірі аянып қалмайды. Құдай қаласа, 15 шілдеде жанкүйерлер мен елімізді жеңіспен қуантамыз деп ойлаймын. 

Ал «Барыс» хоккей клубы өз құрамын 50 пайызға жаңартты. Жаңадан келген 10 ойыншының көбі «Снежный барс» және «Номад» клубтарынан келген. Мұзбалақтар да сақадай сай, тек ойыншылардың нақты позициясы Алматыда өтетін жарыста белгілі болады. Қазірдің өзінде клуб екі топқа бөлініп, күніне 3 мәрте жаттығу жұмыстарын өткізіп жатыр.

Евгений Корешков, «Барыс» ХК бас бапкері:

Жасақталған команданы ертерек дайындау керек пе еді деген ой келеді. Енді кешігуге болмайды. Дәл қазір орайы келген екен, мүмкіндікті қолдан жіберіп алмауымыз керек. Команда құрамы жас, жігерлі, жылдам әрі жеңіске деген құлшыныс зор. Мұндай хоккей клубы жанкүйерлерге де ұнайтыны сөзсіз.