Русский Сайттың толық нұсқасы

Астанада өрттен 4 шетелдік азамат көз жұмды

  • AstanaTV
  • 14 шілде 2017
  • 2019

Астанада көпқабатты үйде тұтанған өрттен 4 адам қаза тапты. Оқиға сән салтанаты келіскен Хайвилл кешенінде орын алды. Ажал құшқандардың екеуі - кәмелет жасына толмаған жасөспірімдер. Қазір оқиға орнында тексеру шаралары қолға алынды.

Қаланың қақ ортасындағы 24 қабатты уйдің 9-шы қабатында сағат таңғы бестер шамасында түтін иісі білінген. Іле шала 65 шаршы метрлік пәтерде жиһаздар мен тұрмыстық техника жана бастаған. Салдарынан 4 адам түтінге уланып көз жұмады.

Руслан Иманқұлов,  ҚР ІІМ ТЖ комитетінің ресми өкілі:

Себептері анықталуда және де басқа да себептері анықталғанда, біз толықтай мәлімет береміз.

Хайвил тұрғын үй кешенінің заңгері түтін шыға бастағанда бірден жедел жәрдем мен төтенше жағдайлар қызметіне хабар берілгенін айтады. Бірақ лаулаған жалын қаза болғандарды құтқаруға мұрша бермеген. Терезе арқылы кіру де мүмкін болмапты.

Ұлықбек Курганов,  «Хайвил» тұрғын үй кешенінің заңгері:

Төтенше жағдайлар қызметкері үйде кім бар деп терезеден айқалайғанда, ешкім жауап бермеді. Бір уақытта өрт сөндіргішпен сөндіре бастады. Өкінішке орай, пәтерге кіру мүмкін болмады.

Астана қалалық ішкі істер департаменті ресми өкілінің дерегінше, қаза болғандар 64 жастағы нигериялық азамат пен оның әйелі. Олар Қазақстанға қызмет бабымен келген екен. Марқұм болған балалардың бірі 17-де, екіншісі 8 жаста екені белгілі болды.

София Қылышбекова, Астана қаласы ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі:

Өрт қауіпсіздігін сақтамай, бірнеше адамның өліміне апарып соқты. Қазіргі кезде сол баппен сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Сараптамалар тағайындалды.

ІІД өкілінің дерегінше, қаза болған азаматтар елордамыздағы оқу орындарының бірінде қызмет атқарған деген болжам бар. 

Диана САПАРҚЫЗЫ