Русский Сайттың толық нұсқасы

Астанада электр энергетикасы желілерінің дамуы мен келешегі талқыланды

  • AstanaTV
  • 14 шілде 2017
  • 3596

Бүгін Астанада электр энергетикасы жүйесінің дамуы мен келешегі талқыланды. «KEGOC» компаниясы «ЭКСПО-2017» көрмесі аясында халықаралық конференция ұйымдастырды. Форумға 20 шақты елден 400-ден астам маман қатысты. Олар тәжірибелерімен бөлісіп, «KEGOC» копаниясын 20 жылдық мерейтойымен құттықтады.

Жаңартылған энергияны дамыту, электр энергетикасын зияткерлендіру, энергетикалық жүйелерді халықаралық деңгейде біріктіру. Бұл «KEGOC» компаниясының ұзақ мерзімді даму бағдарламасының бір тармағы ғана. Қазақстанның электр энергетикасындағы жүйе құраушы ұйымға биыл 20 жыл. Осы уақыт аралығында ұлттық электр жүйелері 90 пайызға жаңғыртылған.

Бақытжан Қажиев, «KEGOC» АҚ басқарма төрағасы:

«KEGOC» компаниясы 20 жылдың ішінде атқарылған жұмыстар ауқымды. Өзінің активтерін жаңарттық, және жалпы ұзындығы 3 мың шақырымнан астам электр желілерін салдық. Сонымен қатар корпоративтік дамуды басқаруда біздің ұлттық қор «Самұрық-Қазынаға» кіретін компаниялар ішіндегі ең озат компания болып табылады. Және компания қызметкерлеріне, олардың дамуына үлкен көңіл бөлеміз.

Салалы жиында даму бағытымен қоса проблемалы сұрақтар да көтерілді. Шетелдік мамандар қуат көзін өндіру, тарату кезіндегі үнемдеу бойынша өздерінің тәжірибелерімен бөлісті. Күн мен желден қуат алатын электр станцияларын арзандату амалдары қаралды.

Юсси Матилайнен, НИОКР FINGRID OYJ менеджері, Финляндия:

«KEGOC» -тың ұйымдастыруымен өткізілген осы конференцияға қатысып жатқаныма қуаныштымын. Бұл - әлемдік деңгейде тәжірибе алмасу үшін таптырмас алаң. Салада шешімін күтіп тұрған бағыттар аз емес. Ең бастысы, климаттың өзгеруіне орай, шара қолдануымыз керек. Сондықтан «KEGOC»-тың осы мәселелерді ескеріп, инновация жолымен жүріп, жаңа технологияларды енгізіп жатқаны қуантады.

Конференция аясында сонымен қатар екі жақты кездесулер мен дөңгелек үстелдер өтті. Мамандар баламалы қуат көздерін дамытудың жолдарын талқылады. Өйткені күн, жел, су секілді табиғи жолдармен алынатын энергия өзінің тиімділігін дәлелдеп үлгерді. 

Айгүл ӘДЕПБАЙ