Русский Сайттың толық нұсқасы

Қарыздың кесірінен Орал қаласы ыстық сусыз қалды

  • AstanaTV
  • 17 шілде 2017
  • 2895

Орал қаласының тұрғындары ыстық сусыз қалды. «Жайықжылуқуат» мекемесінің газберушілерге қарызы шаш етектен. Сол себепті осындай жағдай орын алған. Жылу орталығы басшысының сөзінше, кәсіпорынның «ҚазТрансГазАймақ» компаниясына қарызы 220 миллион теңгеге жеткен. Ал қала тұрғындарының жылу мекемесіне берешегі жарты миллиард теңгеден асыпты. Осыдан кейін газ жеткізушілер "Жайықжылуқуатты" көгілдір отыннан ажыратып тастаған.

Еркін Карин, тілші:

Қазір Оралдағы ауа температурасы +34 градустан асады. Онсыз да аптап ыстықта қиналған тұрғындарды үйде ыстық судың жоқтығы одан сайын әуреге салды. Айтуларынша, жуынып-шайынудың өзі оңай емес. Жыл сайын қайталанатын бұл жағдай әсіресе көпқабатты үй тұрғындарына ауыр тиіп отыр.

Сенбі-жексенбіден бастап су жоқ бүгінге дейін. Өте қиын. Кішкентай балалары бар кісілер не істейді? Біз пенсия алғанда, бірден төлеп тастаймыз. Су жоқ болғасын, демалыс күндері хабарластық, телефон алмады.

Бүгінде жылу кәсіпорнының «ҚазТрансГаз Аймақ» компаниясына қарызы 220 миллион теңгеге жеткен. Ал оралдықтардың жылу мекемесіне берешегі жарты миллиард теңгеден асыпты. Қазір Орал қаласында 4500 адам жылу ақысын төлемеген. «Жайықжылуқуат» олардың үстінен сотқа шағым түсірген.

Жандос Саматов, БҚО жеке сот орындаушылары өңірлік палатасының төрағасы:

103 миллион теңге "Жайықжылуқуаттың" пайдасына өндірілді, қалған 120 миллион теңгені осы жаз айында және жыл аяқталғанға шейін өндіреміз деп есептейміз.

Бұған дейін «ЖайықЖылуҚуат» мекемесі мамыр айында жағылған газ үшін 35 миллион теңге төлепті. Қалған 200 миллион теңгені өтеу үшін мекеме бастығы банктен ірі мөлшерде несие алуға мәжбүр болған.

Мұрат Бәйменов, «Жайықжылуқуат» АҚ директоры:

Маусым айында мен банктен 190 миллион теңге несие алдым. Оны газға аудардым. Ол несиені мен қараша айынан бастап жабамын банкке, әрі процентімен қайтарамын. Тұрғындардан процентін алмаймын, ол біздің өз шығынымызға кетеді. Қазір келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Осы айда қанша, қалай аударатынымызды шешіп алғасын, мәселе шешілетін болар деп ойлаймын.

Еркін Карин, тілші:

Бұған қоса, жылу ақысын төлемеген 41 борышкердің көлігі тұтқындалған. Бірақ көлігінен айрылғысы келмеген пысық тұрғындар мәшинесін жасырып, айласын асырыпты. Енді қарызын қайтармағандар үш тәулікке қамалуы мүмкін. Сондай-ақ борышкерлерге шетелге шығуға тыйым салынады. Ал ыстық судың енді қашан берілері белгісіз.

Еркін КАРИН